KZ
Өскемен
-2°
пасмурно жел 4 м/с, СБ
494.87 520.65 4.91

Ауыл аманаты: ШҚО-да кәсіпкерлерге 1,5 млрд теңге беріледі

Фото: egemen.kz

18.10.2023, 11:37 376

Қазақстан Президенті ауылдағы халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстарды іске асыруды тапсырды. Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылы қараша айында Президент лауазымына кіріскеннен кейін «Қазақстан Республикасының ауылдық аумақтарын дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Жарлыққа қол қойды. Осы Жарлықтың аясында қолға алынған жобаның бірі – «Ауыл аманаты».

Биыл ШҚО-да аталған жобаны іске асыру үшін 1,5 млрд теңге бөлу қарастырылған, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.

Ауыл шаруашылығы – ШҚО-дағы әлеуеті жоғары, облыс экономикасында маңызы зор саланың бірі. Сонымен қатар елдің әлеуметтік-экономикалық ұзақмерзімді дамуында шешуші сала болып отыр.

«Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін биыл 1,5 млрд теңге бөлу қарастырылған.

Мемлекеттік сатып алу веб-порталы арқылы агент анықталды. Ол –  «Ертіс» ӘКК» АҚ. Сонымен қатар қаржыландыру кестесі құрылып, облыстағы аудандарға бөлінді. Онда басты назар шекара маңындағы аудандарға бағытталған.

Ауыл шаруашылығы басқармасы мен «Ертіс» ӘКК» АҚ-ның басшылары мен олардың орынбасарлары аудан және ауылдық округтің әкімдерімен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Бағдарламаны жүзеге асыру 5 бағытқа бөлінген:

  1. Үйлердің ауласындағы бақшаны ұтымды пайдалану.
  2. Мал және құс шаруашылығын дамыту.
  3. Ауылдардан тысқары жердегі ауыл шаруашылығы аумақтарын тиімді пайдалану, жемшөп дайындау, көкөніс өсіру.
  4. Мал азығын дайындайтын ауыл шаруашылығы кооперативтерін дамыту, ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту және т.б.
  5. Жеке кәсіпкерлікті дамыту (өндіріс, өңдеу, қызмет көрсету)

Скринингтің нәтижесінде 9 аудандағы 80 ауылдық округ тізімге енген. Негізгі 5 бағыттың 2/3 бөлігін мал шаруашылығы (етті және сүтті мал шаруашылығы, жылқы шаруашылығы, қой шаруашылығы) алып тұр. Бұл бағыт табысы жағынан анағұрлым тиімді болып саналады.

Қажетті құжаттарды жинау регламентке сәйкес жүргізілді. Әлеуметтік желілер, телеграм-канал, БАҚ арқылы бағдарлама туралы ақпарат жарияланып, Ауыл шаруашылығы басқармасының, ауыл шаруашылығы өндірістік кәсіпорындары мен аудандардың ауыл шаруашылығы бөлімдерінің қызметкерлері аудандарды аралап, халықпен кездесті.

Бүгінгі таңда агентке 237 өтінім түскен. Өтінімнің жалпы сомасы – 1 млрд 749  млн теңге.

Бүгінгі таңда жалпы сомасы 1,5 млрд теңге болатын 213 микрокредит берілді. Оның нәтижесінде 235 жаңа жұмыс орны ашылды. Ауылдық округтерде 12 ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі анықталды. Ауыл тұрғындары кәсібін дамыту үшін жеңілдетілген несие алды. Дерекке сүйенсек, несиенің шарттары, әсіресе пайыздық мөлшерлеме азаматтар үшін тиімді. Шағын несиені өтеу мерзімі – 5 жыл, ал мал шаруашылығы саласындағы шағын несиенің мерзімі – 7 жыл. Ауылдық мекендер мен шағын қалалардың тұрғындарына ең көбі 2,5 мың АЕК көлеміндегі шағын несие (8 млн 625 мың теңге), ал зәкірлі кооперацияға 8 мың АЕК (27 млн 600 мың) көлеміндегі несие беріледі. Ал номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылына 2,5 пайыздан аспайды, одан өзге кепілдік болуы қажет. Негізгі қарызды және сыйақыны өтеу бойынша жеңілдік кезеңі микрокредит беру мерзімінің 1/3 бөлігінен аспауы тиіс. Дәлірек айтсақ, 5 жыл болса – 20 айға дейін, 7 жыл болса, 28 айға дейін уақыт беріледі.

Ең бастысы, бұл несиені алуға жұмыссыз азаматтар да өтініш бере алды. Кәсібін енді бастаған азаматтар, зейнет жасына жетпеген, жұмысынан қысқарған қызметкерлер, отбасылық кәсіпте ақысыз қызметті дербес жүзеге асыратын тұлғалар, жеке қосалқы шаруашылығында өндірістік қызметті дербес жүзеге асыратын және одан түсетін табыс ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен тұлғаларға, табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен өндірістік кооперативтің мүшелері несиеге өтініш бере алады.

Кәсіптің бағытына шектеу жоқ. Мал өсіру, егін немесе ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу сынды салаларға ғана емес, наубайхана, кондитерлік өнім өндіру, туристік бағыттағы кәсіпке де ақша беріледі.

 Осы ретте биыл тамыз-қыркүйек айларында ауыл тұрғындарына «Ауыл аманатының» келесі кезеңін түсіндіруге арналған дайындық, түсіндіру жұмысы жүргізіліпті. Жеңілдетілген несие беруден жеке қосалқы шаруашылықтардың кооперациясын ынталандыруға көшу жайлы айтылды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауға алынған.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу