Өскеменде Жаңа жыл қалай тойланады?
Фото: Тілеубек Шаяхмет
Облыс орталығында 31 желтоқсанда бірқатар мерекелік іс-шара өтеді, деп хабарлайды Altaynews.kz тілшісі.
Сағат 12.00-де Республика алаңында Шынықтыру клубы мен «Боран» қысқы жүзу клубының «морждар» тобының басқаруымен «Мандарин жарысы» өтеді.
Бұл іс-шараға кез келген адам қатыса алады, тек денсаулығына байланысты медициналық қарсы көрсетілі болмауы тиіс. Содан кейін алдын ала тіркелу қажет: +7 707 173 42 45 (Қуаныш).
Қатысушылар жаңа жылдық костюммен келсе құба-құп. Республика алаңынан басталатын жарыс жолы «Микен», «АДК» сауда үйінің маңындағы тротуар арқылы Ертіс көпірін басып өтіп Сәтпаев көшесі, 50 Б мекенжайына барып тіреледі. Қатысушылар осы маршрут бойынша көшедегі адамдарға мандарин таратып, жаңа жылдық көңіл-күй сыйлайды.
«Клубтың 50 жылдығына орай «морждарға» қолдау көрсетейік!» - деп мәлімдеді қала әкімдігі.
Сағат 21.00-01.00 аралығында Республика алаңында, «Өскемен» аллеясында, Комендантка маңында концерт ұйымдастырылады. Қала тұрғындары мен қонақтары Аяз ата мен Ақшақар қатысатын театрландырылған бағдарламаларды тамашалап, байқауларға қатысып сыйлық алып, аниматорлармен ойын-сауық құрады.
Сондай-ақ сағат 01.00-де Орталық алаңда мерекелік отшашу болады.