ЖИТС: ШҚО-да ауру көрсеткіші төмендеп келеді

istockphoto.com
2024 жылдың қорытындысы бойынша, Шығыс Қазақстан облысында ЖИТС ауруының көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 43,9-ды құрады. Бұл 2023 жылғы 49,0 көрсеткішімен салыстырғанда, ауру деңгейінің 5,1-ге төмендегенін білдіреді, деп хабарлайды Аltainews.kz тілшісі.
ШҚО еліміз бойынша АИТВ/ЖИТС бойынша ең жоғары көрсеткіш тіркелген өңірлердің қатарында тұр және республика бойынша бірінші орында.
2024 жылы жұқтыру жолдарының құрылымында жыныстық қатынас арқылы жұқтыру 71,2%-ды құрады (гетеросексуалды – 69,3%, гомосексуалды – 1,9%), есірткіні ине арқылы тұтыну арқылы жұқтыру – 24,5%, белгісіз жолмен жұқтыру – 4,4%.
АИТВ және ЖИТС туралы ақпарат көздерінде жиі айтылып, жұртшылыққа бұл вирустың жұғу жолдары мен емдеу тәсілдері үнемі түсіндіріліп жатқанына қарамастан, қоғамда бұл дерт туралы жалған түсініктер мен мифтер әлі де кеңінен таралған. Бұл адасушылық АИТВ жұқтырған адамдарға деген теріс көзқарастың қалыптасуына әкеліп, олардың әлсіз эмоционалдық жағдайына кері әсер етеді.
Кейбіреулер үшін бұл материал жаңалық емес те шығар, алайда мұнда АИТВ мен ЖИТС туралы қоғамда жиі таралған 5 қате түсінік талқыланған.
Бірінші миф – АИТВ-инфекцияны адамның сыртқы келбетіне қарап анықтауға болады деген жалған түсінік.
Шын мәнінде, АИТВ жұқтырғанын адам өзі сезбей де қалуы мүмкін. Жұғу сәтінде ешбір белгілер байқалмайды. Кейде тұмауға ұқсас жеңіл ауру белгілері болуы мүмкін. Алайда уақыт өте келе вирус бүкіл ағзаға тарап, иммундық жүйені әлсіретіп, соңында ең ауыр саты – ЖИТС-ке әкеледі. Бұл – иммундық жүйе толықтай істен шығатын жағдай. АИТВ – «үнсіз» ауру, арнайы ем болмаса, өмірге қауіп төндіруі мүмкін. Сондықтан әр адам өз АИТВ-мәртебесін тексеріп, қажет жағдайда антиретровирустық терапия қабылдауы тиіс. Бұл ем вирустың ағзадағы жүктемесін төмендетеді.
Екінші миф – АИТВ жұқтырған адам міндетті түрде көп ұзамай көз жұмады деген қорқыныш.
Бүгінде бұл мүлде олай емес. Көптеген адамдар бұл дертпен өмір сүруді үйреніп, өмір сапасын жақсартуда. Аурудың жазылмайтыны рас, бірақ антиретровирустық терапияның арқасында адамдар толыққанды өмір сүріп жүр. Тіпті марафондарға қатысып, ұзақ қашықтықтарды бағындырып жүргендер де бар.
Үшінші миф – АИТВ тек есірткі тұтынатындар мен гомосексуалдар арасында таралады деген пікір.
Бұл көзқарас шамамен 30 жыл бұрын шындыққа жанасқанымен, қазір мүлдем дұрыс емес. Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда АИТВ жұқтырғандардың басым бөлігі – жыныстық қатынас арқылы жұқтырған гетеросексуалды адамдар. Ине арқылы жұқтыру да бар, әсіресе Қазақстанда, бірақ әлемдік статистика бойынша басым жол – жыныстық қатынас.
Төртінші миф – АИТВ сүйісу арқылы жұғады.
Бақытымызға орай, қазір көп адам вирус ауа-тамшы арқылы таралмайтынын біледі. АИТВ тек үш жолмен жұғады: жыныстық қатынас, қан арқылы және ана сүті арқылы. Алайда қоғамда ВИЧ-позитивті адамдардан әлі де алшақ жүру үрейі бар. Бір елде қыз «Құшақта» деген жазуы бар плакатпен жүріп, көпшілікпен құшақтасқан. Бірақ плакатқа «Менде АИТВ бар» деген жазу қосылған соң ешкім жақындамаған. Ғылыми тұрғыдан, тіпті сүйіскеннің өзінде жұғу мүмкін емес. Ол үшін АИТВ жұқтырған адамның 4 литр сілекейін ішу керек – тек сол жағдайда вирус жұғуы мүмкін.
Бесінші миф – АИТВ жұқтырған бала балабақшаға бара алмайды.
АИТВ ойнау немесе ұрысу кезінде жұқпайды. Сыру не тістеу арқылы да адам жұқтырған емес – мұндай жағдай тарихта тіркелмеген. Сондықтан ВИЧ-позитивті балаларды қоғамнан шеттетудің қажеті жоқ. Балалармен бұл дерт туралы ашық сөйлесіп, дұрыс түсіндіру жеткілікті.
Қоғамда АИТВ мен ЖИТС туралы жалған сенімдер әлі де өмір сүріп келеді. Осы мифтерді жою арқылы біз бұл індеттің таралуын тоқтатуға бір қадам жақындай түсеміз.
Аяжан Әмірова,
ШҚО ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес орталығы
профилактикалық жұмыс бөлімінің меңгерушісі