Аманжолов университеті Наурызды дүркіретіп тойлады (видео)
Жыл сайын Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Наурыз мейрамын тойлаудың үздік үлгісін көрсетеді. Биыл да солай болды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Бүгін университеттің №1 оқу ғимаратының алдында Ұлыстың ұлы күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. Ашық алаңға киіз үйлер тігіліп, кішігірім ауыл пайда болды. Көктемгі мереке қонақтары ауқымды көрмелер, ұлттық нақыштағы театрландырылған қойылымдар, қолөнер жәрмеңкесі мен басқа да қызықты шаралардың куәсі болды. Ерекше іс-шараны көппен бірге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов келіп тамашалады.
Бұдан соң аймақ басшысы университеттің бір топ ұстазын, сондай-ақ оқу мен спортта жетістікке жеткен жастарды марапаттау рәсіміне қатысты. Айта кету керек, бұл күні Ғылым және Жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің төсбелгілерімен Маратбек Ақанов, Нұраш Игісінова, Алмасбек Мәуліт, Айгүл Әділбекова, Перасыл Жанимхан сияқты мамандар марапатталды. Ал 2024 жылы Парижде өткен Паралимпиада ойындарының алтын медаль иегері, «Дене шынықтыру және спорт» білім беру бағдарламасының 2-курс магистранты Ақмарал Науатбекке «Сәрсен Аманжолов» медалі табысталды. Сол сияқты, «Қазақстан аруы-2024» ұлттық сұлулық байқауының жеңімпазы, «Бастауышты оқыту мен тәрбиелеу» білім беру бөлімінің 3-курс студенті Бағым Балтабаева облыс әкімінің Алғыс хатына ие болды.
Биылғы Наурыз мейрамының сәні – кез келген адам өз бағын сынап көре алатын садақ пен асық атудан өтетін жарыстар болғаны сөзсіз. Көшпелі халқымыздың өмірінде садақ пен жебе тек қару емес, сонымен қатар ойын-сауықтың, спорттың және терең философияның нышаны болған.
Бұл күні оқу ордасының алдына жеті бірдей ақшаңқан киіз үй тігіліп, қонақтар Абай Құнанбайұлы, Қасым Қайсенов, Төлеген Тоқтаров, Ізғұтты Айтықов, Сәрсен Аманжолов, Қаныш Сәтбаев, Қанипа Бітібаева ауылдарына кіріп, кітап көрмелерінде ұлы тұлғалардың өмірімен танысып, тілеу көжеден дәм татты.
Тағы бір айта кетер жайт, биылғы мерекелік іс-шарада ата салтымен қатар, еңбек адамын әспеттеуге айрықша көңіл бөлініпті. Мемлекет басшысының бастамасымен «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланған 2025 жыл – кәсіптік оқыту жүйесін жаңарту және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру кезеңі болмақ, дейді университет басшылығы. Бұл бағытта жоғары оқу орны айтарлықтай шаруа тындыруда. Университет жергілікті кәсіпорындармен бірлесіп, облысы бойынша бейінді сыныптар ашуды және жоғары білікті мамандарды, жас ғалымдар мен PhD докторларды даярлауды жолға қойған.
Бұл күні мерекелік іс-шара аясында қонақтар назарына түрлі спорттық сайыстар да ұсынылғанын айту керек. Қазақ күресі, арқан тарту, тоғызқұмалақ сияқты ұлттық спорт түрлерінен өткен сайыстарға студенттер белсене араласты.
Сол сияқты, шығысқазақстандық өнер ұжымдары мен университет өнерпаздарының концерті де көптің көңілінен шыққаны рас. Салтанатты іс-шара университет студенттері үшін арнайы ұйымдастырылған мерекелік дискотекаға ұласты.
Әсем ұлттық киімдер, түрлі спорттық сайыстар, салт-дәстүрімізге негізделген көріністер, әр этностың тағамдары мен қолөнер көрмелері үйлесіп, мерекені тамашалаған жұртшылыққа тамаша көңіл-күй сыйлады.
Нұржан Кенжеұлы
Фото: Махаббат Ахметжанова