KZ
Өскемен
+29°
небольшой дождь жел 7 м/с, В
514.94 583.74 6.13

Шығыста анимация арқылы бала түйсігіне жол табу жүзеге асып жатыр

5.04.2025, 12:00 282 Рағызбаева Ақерке

Төтенше жағдайлар кезінде қауіпсіздік ережелерін дұрыс сақтауды кішкентай көрермендерге түсіндіру мақсатында мультфильмдер шығаруды Шығыс Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаменті осыдан үш жыл бұрын бастаған еді. Міне, жуықта сол бастаманың кезекті жемісі «Тентек пен Айя» атты анимациялық мультфильмнің жаңа бөлімі өз көрермендеріне жол тартты, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Тентек пен Айя – ШҚО ТЖД және «Казцинк» ЖШС бірлесіп шығарған мультфильм кейіпкерлері. Мультфильмнің бірінші сериясы су айдындарындағы қауіпсіздікке арналса, екіншісі – жер сілкінісі кезінде қалай әрекет ету керектігін түсіндірді. Жуырда мультфильмнің өрт қауіпсіздігіне арналған үшінші бөлімінің таныстырылымы өтті.

– Өрт кез келген жерде және кез келген уақытта болуы мүмкін. Ең бастысы – балалар осындай жағдайларда қалай әрекет ету керектігін, қайда хабарласу қажеттігін және дұрыс эвакуациялану жолдарын білуі керек. Балаларды өрт қауіпсіздігіне мультфильм арқылы үйрету аз уақытта көп баланы қамтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ бұл форматтағы материал білім беру мекемелеріне таратуға да ыңғайлы. Біз бір мульфильм арқылы қысқа мерзімде балаларға түсінікті тілде толыққанды ақпарат бере аламыз, – деді ШҚО ТЖД бастығы Рашид Блялов.

Мультфильмдер ШҚО ТЖД мен «Казцинк» ЖШС бірлесіп жүзеге асырған әлеуметтік маңызы бар алғашқы жоба емес. Осыған дейін төрт жылдық ынтымақтастық аясында облыстағы көпбалалы және әлеуметтік осал отбасылардың үйлеріне 10 мыңнан астам көк түтінді анықтайтын датчиктер орнатылды. Соның арқасында, ондаған адамның өмірін ықтимал өрттен сақтап қалу мүмкіндігі туды.

– Біз мұндай бастамалардың аса маңызды екеніне сенімдіміз. Құтқарушылар балаларға құнды ақпаратты жеткізудің шынайы креативті әрі ерекше тәсілдерін табуда. Егер бір ғана бала қиын жағдайда осы ережелерді есіне түсіріп, қауіптен аман қалса, онда біз өз міндетімізді дұрыс атқардық деп санаймыз, – деді «Казцинк» компаниясының әкімшілік мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев.

Мультфильмнің алғашқы көрермендері «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілері болды. Оларға тұсаукесері болған жаңа серия облыс орталығындағы кинотеатрлардың бірінде көрсетілді.

– Маған балалардың шақыруына үн қатып, өрт сөндіру қызметін шақырған және Айяны өрттен құтқарған бейтаныс адамның кейіпкері қатты ұнады. Сондай-ақ мен өрт кезінде төсек астына тығылуға немесе шкафқа жасырынуға болмайтынын, төтенше жағдайда құтқару қызметіне – 101 немесе 102 нөміріне хабарласу қажет екенін білдім, – деді кішкентай көрермен Александр Кудрявцев.

Алдағы уақыттарда «Тентек пен Айяның» жаңа оқиғалары облыс пен еліміздің барлық білім беру мекемелерінде көрсетілмек.

Бұл жоба балалардың бойында жастайынан қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған бизнестің мемлекеттік құрылымдарымен тиімді әріптестігінің үлгісі екені сөзсіз.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу