Қаламы қару, шындығы қалқан болған қаламгер

фото: кейіпкер мұрағатынан
Көрнекті қаламгер, белгілі сатирик, қоғам қайраткері Ғаббас Қабышұлы тоқсанға толып отыр. Жорналшы жолын «Алтай большевигі» (қазіргі «Дидар») газетінде бастаған жазушы ағамыз үшін бұл басылым әмәнда жанына жақын, өйткені әдебиет әлеміне қанат қақтырған алтын ұясы...
Иә, бұл аз уақыт емес. Әдеби орта іздеп, «Қазақ әдебиеті» газетіне қызметке кетерде редактордың әрең жіберіп, «тонның ішкі бауындай» боп жарасып кеткен әріптестерінің қимай қоштасқаны да әлі есінде. Сыйлас ағалары Жұмағали Ысмағұлов, Асығат Темірбаев, Сәйделен Ғабдуллин, Биғали Мылтықбаев, Хадас Наханов, құрдастары Рамазан Сағымбеков, Уақап Қыдырханов, Меңғали Мусин, Тоқан Берғалиевтер бұл дүниеден озып кетсе де, жарқын бейнелері жадында жаңғырып тұрады. «Дидардың» мерейтойларында аяулы ағамыз талай жан тебірентерлік естеліктер жазды. Сондықтан абыз ақсалымыздың өзі де, сөзі де біз үшін әркез қымбат!
Адалдықтың ала жібін аттамаған
Сөйтіп, орда бұзар отыздың ар жақ-бер жағындағы Ғаббас Қабышұлының Алматыдағы еңбек жолы сәтті басталды. Әдеби орта жатырқамай бауырына тартты, таланты ашылды, есімі елге танылды. «Қазақ әдебиеті» газеті жауапты хатшысының орынбасары, бөлім меңгерушісі, КСРО Әдеби қоры қазақ бөлімінің директоры, «Ара» журналының бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды. Жазушылар одағының көркем аударма және әдеби байланыс алқасының төрағасы, Жазушылар одағы басқармасының екінші хатшысы да болып, зейнеткерлікке шықты. Ғабаңның еңбек жолына үңіле отырсақ, атан түйеге жүк болар жауапкершілікті арқалап жүріпті. Әрине, жүріп өткен жолдың бәрі даңғыл бола қоймас, шуақты сәттер де, көңілге кірбің түсірер шырғалаңды шақтар да басынан өтті. Адалдықтың адал жібін аттамаған жанның жүзі әмәнда жарқын болды. Оны Ғаббаңның өзі де талай жазған.
Жауапты қызметтер атқара жүріп, шығармашылықтан да қол үзбеді. Сатиралары мен әзіл-сықақ әңгімелері, хикаяттары мен мақалалары, аудармалары отыздан астам жинақ болып шықты. Талай тұлғалармен, қабырғалы қаламгерлермен дәмдес-тұздас, сырлас болды. Солар туралы жазылған естеліктер мен көптомдықтар, жинақтар бір төбе.
Енді негізгі тақырыбымыз – Ғаббаңның сатирасына аз-кем тоқталайық. Ғаббас Қабышұлы – күлкіге үйір, күлкісі келіп тұратын оқырманның сүйікті жазушысы. Аз сөзбен көп мағына беретін, астарлап сөйлеп, айызыңды қандыратын, жатыпатар сықақшының сатирасы да өзінің мінезіндей сырбаз. Күнделікті өмірдің қалтарыс-бұлтарысын қалт жібермейтін сатира сардары кемшін-мінді жеріне жеткізе әжуәлап, солардың иелерін мақтамен бауыздайды. Ғаббас Қабышұлы өңдірте жазды. Яғни, өмірімізде, қоғамымызда көңілге жақпайтын жағдаяттардың да көп болғаны. Бір ғана «Кадр мәселесін ... мәселе шешеді» атты әзіл-сықақ, әжуә-мысқыл әңгімелер жинағын оқып көрелікші.
Жерлес жазушы кезінде өзі қызмет атқарған «Дидардың» оқырмандарымен жиі жүздесіп тұрды. Осы жинаққа кірген бірқатар әңгімелері «Дидардың» бетінде жарияланған-ды. Ғаббас Қабышұлы бетің-жүзің демейтін, мәймөңкелемейтін батыл сатирик. Жалпы, сатира сарбаздары қай заманда болсын «бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ» деп қасқайып тұратыны әлімсақтан белгілі. Ғабаң да күйкі тірліктегі кемшін-мінді мірдің оғындай тілімен мінеп, қоғамдық өмірдегі жат қылықтарды қырына алғанда жанрдың саяси памфлет дәрежесіне дейін көтеріледі. Оның шығармаларында алаяқ алыпсатар да, түйені түгімен, биені бүгімен жұтқан жемқорлар да, парықсыз парақорлар да, тілін, ділін ұмытқан мәңгүрттер де, саяси сайқалдықты пір тұтқан қасиетсіз «қайраткерлер» де көрініп қалады. Ащы мысқыл, өлтіре мінеп-сынау оларды ел бетіне қарағысыз қылады, күлкіге айналдырады. Ал, күлкі достарының қыбы қанып отырады.
«...Әлгі сұлу суретті шөлмектерді сыйпалап, ақшасын лақтырып тұратындардың көпшілігі – қазақ баласы. Шала тілді, шатқаяқ жүрісті, сигаретті екі сорып, бір түкіреді. Бозбалалар. Кімнің балалары?.. Қазақтың баласы! «Қарғайын десе – жалғызы, қарғамайын десе – жалмауызы!». Санымыз санаулы болған соң – жалғызымыз, бүгінгі бұл араққұмарлардан ертең тағы арақ құлдары туар болған соң жалмауызымыз!»
Оқырманын ойға жетелеп отырды
Ғаббаң өзінің туған елін, өзі қызмет атқарған облыстық «Дидар» газетін әсте ұмытқан емес. Газеттің бас редакторлығына тағайындалғанымда арнайы телефон шалып, құттықтап, электронды поштаны жазып алды, «қажет болып қалса, хабарласып тұрамын» деді. Бір мерейтойында-ау деймін, қаламгерден сұхбат ал деп тілшіге тапсырма бердім. «Тілшің хабарласты, сұхбатты қоя тұрыңдар. Мен қазіргі жемқор қоғамға қарсы адаммын, бұл туралы айтып та, жазып та жүрмін. Кесірім тиіп жүрер, әрі әсіре даңқ пен дақпыртқа жоқ адаммын. Оқырманға қажетті танымдық дүние жазып тұрайын», – деп болмады. Біз де болмадық. Ақыры сұхбат берді. Өкініштісі, сол кездегі қазақ қоғамын мазалаған сұрақтарды қоя алмадық. Десек те, астарлап айтқан ой-толғамдарын оқырманға жеткізуге тырыстық. Иә, қуатты қалам иесі, шынайы қайраткер Ғаббаңның мерейтойлары Шығысында, Ұланында аталмай қалды. Кім көрінгенге жарыса үлестірілген «құрметті азамат» атақтарын былай қойғанда, қазақы салтпен шапан да жабылмады. Бұдан Ғаббаңның мерейі мен мәртебесі аласарып қалған жоқ. Қайта мәрттігі мен қарапайымдылығының, асқан мәдениеттілігінің арқасында абырой-беделі асқақтай түсті. Заман өзгеріп жатыр ғой, «асыл адам айнымас» дегендей, біз білетін қарымды да қайраткер қаламгердің бітім-болмысы сол қалпында.
Ғаббаң сөзінде тұрды. Жасының ұлғайғанына қарамастан «Дидарға» аракідік жазып тұрды. Жазғандарының бәрі құнды еді, ойға жетелейтін, оқырманның іздеп жүріп оқитын дүниесіне айналды. Жарықтық Оралхан Бөкей туралы естелігі қандай әсерлі еді. 1965 жылы Ғаббаң облыстық газетте жауапты хатшы болып жүргенде Оралханды қызметке алуға ықпал еткен. Ол Оралханды ә дегеннен «Ораш» дейтін. «Киім киісі, жүріс-тұрысы, сөзі кербез де еркін жаратылыс екенін бірден байқатты. Бұйралау ұзын қара шашы аға-апайларымызға ұнамағанын аңғарып жүрдік», – дейтін естелігінде. Әрі Алматыда көрші тұрған. Естелігін қалың «Дидардың» төрт нөміріне жалғасымен бердік. Жазушының былайғы жұрт білмейтін ерекше қасиеттері, арман-қиялы, ішкі жан арпалысы, екеуара сыр-сұхбат, бәрі-бәрі шынайы берілді.
«Дидардың» сексен, сексен бес, тоқсан жылдық мерейтойларында Ғаббаңа сөз бердік, естелігін жарияладық, сұхбат алдық. Басылымның біз білмейтін тарихи жолын санамызда жаңғыртты. Ол кісі қызметтес болған аға буын өкілдерінің ерен еңбегіне тәнті болдық. «Міне, қазіргі «Дидардың» мектебін солар қалыптастырған, биікке бастайтын сол жолды жалғастыра беру керек. Ең бастысы, газет халықтікі болуға тиіс», – деп еді бір әңгімелескенде. Содан бері де біраз уақыт өтіпті. Иә, аға аманатын орындап жүрміз бе?! Оны қара ормандай қалың оқырман еншісіне қалдырайық... Ал, өзіңіз аман болыңыз, абыз ақсақалым!.. енге жарыса үлестірілген "құрметті азамат" атақтарын былай қойғанда, қазақы салтпен шапан да жабылмады.
Уәлихан Тоқпатаев,
Қазақстанның Құрметті журналисі