KZ
Өскемен
+28°
небольшой дождь жел 8 м/с, ОШ
514.94 583.74 6.13

Усть-Таловкадағы өрт сөндірушілерге жаңа көлік берілді

5.04.2025, 20:30 315 Төлеуғазы Жансая


Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов Усть-Таловка ауылына келіп, жергілікті ерікті өрт сөндіру жасағына жаңа техника тапсырды. Өрт сөндірушілерге көліктің кілтімен қатар жауынгерлік киім-кешек, арнайы құралдар және компьютер берілді, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – біздің басты міндетіміз. Сол үшін күшімізді салып жұмыс істейміз, – деді министр.

Министрдің айтуынша, ерікті өрт сөндірушілерді қолдау Үкімет назарындағы маңызды бағыттың бірі. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді.

ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов та өрт сөндіру бекеттерін қажетті техникамен жабдықтау үшін жыл сайын жергілікті бюджеттен қаражат бөлінетінін айтты.

– Төтенше жағдайлардың алдын алу – бәріміздің ортақ ісіміз. Халықтың қауіпсіздігі – басты мақсат, – деді облыс әкімі.

Жаңа техниканың келуімен Усть-Таловкадағы өрт сөндіру тобының жұмысын кеңейту мүмкіндігі пайда болды. Қазір мұнда төрт адам еңбек етеді. Олар тек ауыл ішінде ғана емес, қажет болса, жақын маңдағы елді мекендерге де көмекке барады.

– Бұл көлік біз үшін үлкен көмек. Қиын жерлерге баруға, алыстағы ауылдарға жедел жетуге мүмкіндік береді, – деді жасақтың аға өрт сөндірушісі Юрий Андреев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу