KZ
Өскемен
+26°
ясно жел 8 м/с, В
514.94 583.74 6.13

Жаңғырған білім ордалары: заманауи мектептер қандай болуы керек?

pexels.com

6.04.2025, 09:00 352 Әбішев Ержан

«Алдағы үш жылда 1300, соның ішінде ауылдағы 900 білім ордасын жаңғырту қажет». Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Бурабайдағы құрылтайда айтқан осы сөз бүгінгі білім беру жүйесінің маңызын айқын көрсетеді. Шығыс Қазақстандағы мектептер сапалы білім беріп, дарынды жастарды тәрбиелеуде қандай жетістіктерге жетті? Соңғы жылдары білім ордалары жөнделіп, оқушылар халықаралық олимпиадаларда жүлде алып, білім сапасы артуда, деп хабарлайды Altainews.kz  тілшісі.

Дегенмен, интернетке қолжетімділік, инклюзивті білім беру мен жаңа әдістемелерді енгізу, буллингпен күрес секілді мәселелер әлі де күн тәртібінде тұр. Бүгінгі білім беру жүйесі қалай өзгеріп жатыр? 

Қазіргі әлемде білім беру тек оқулықпен шектелмейді – сапалы білімге қол жеткізу үшін цифрлық технология, заманауи инфрақұрылым, білікті мұғалімдер мен жан-жақты тәрбие маңызды рөл атқарады. Шығыс Қазақстан мектептері соңғы жылдары оң өзгерістерді бастан кешіруде: көптеген білім ордалары жөндеуден өтті, олимпиада жүлдегерлерінің саны артты, жаңа технологиялар енгізілуде. Бірақ білім сапасын одан әрі дамыту үшін әлі де шешілуге тиіс мәселелер бар. 

Шығыста тірек мектептері көбейеді

Ауыл мектептерінде білім беру сапасын арттыру – білім саласындағы басты міндеттердің бірі. Осы мақсатта «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамалық тәсілдері бекітіліп, шағын жинақты мектептердің әлеуетін дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. 

– Ауыл мектептерінде білім беру сапасын арттыру мақсатында «Ауыл мектебі – сапа алаңы» тұжырымдамалық тәсілдері бекітілген. Білім басқармасы басшысының шағын жинақ мектептерінің әлеуетін арттыру туралы бұйрығы негізінде облыста 5 тірек мектеп пен 16 шағын жинақты мектеп жұмыс істейді. Келесі оқу жылында 12 тірек мектеп пен 35 шағын жинақты мектеп енгізіледі. Тірек мектептердің мұғалімдері шағын жинақты мектеп оқушыларына онлайн сабақтар өткізеді, бұдан оқытудың сапасы артады. Сонымен қатар жыл сайын педагог мамандықтарына облыс әкімі тарапынан грант беріледі, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышёва.

Ауыл мектептерінде сапалы білім беруді қамтамасыз ету үшін тірек мектептер желісі кеңейтіліп, мұғалімдердің кәсіби біліктілігі артып келеді. Онлайн сабақтар мен гранттық қолдау шаралары ауыл оқушыларына заманауи білім алуға мүмкіндік береді. Бұл бастамалар ауыл мектептерінің дамуына жаңа серпін беріп, білім сапасын арттыруға ықпал етеді.

Ауыл мектептеріне білікті мамандарды тарту да – білім беру сапасын арттырудың маңызды бағыты. Бұл мәселені шешу үшін мемлекет түрлі қолдау шараларын жүзеге асыруда. 

Мамандарды ауылға тарту механизмдері «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы аясында ауыл мектебіне жұмыс істеуге барған жас мамандарға көтермеақы және үй алу үшін жеңілдетілген несие ұсыну арқылы іске асады. Бұл бағдарлама жас мамандарды ауылға тартудың тиімді жолы болып отыр. Бұл шаралар ауыл мектептерінде кадр тапшылығын азайтып, білім сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.

Биыл 31 мектеп пәндік кабинеттермен жабдықталмақ

Қазіргі заманғы білім беру жүйесінде интернеттің қолжетімділігі маңызды рөл атқарады. Облыстағы барлық мектептер интернетке қосылғанымен, ауыл мектептеріндегі интернет жылдамдығы әртүрлі деңгейде. 

Білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышёваның айтуынша, облыстағы барлық 343 мектеп интернетке қосылған. 258 ауыл мектебінің 31-інде интернет жылдамдығы – секундына 8-20 мегабит, қалған 227 мектепте – секундына 20 мегабиттен жоғары. Қалалық барлық 85 мектепте интернет жылдамдығы секундына 20 мегабиттен жоғары. Ауыл мектептерінде интернет сапасын көтеру үшін инфрақұрылымды жаңарту қажет.

Жоғары жылдамдықты интернетке қолжетімділік – сапалы білім берудің кепілі, сондықтан бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыру маңызды.

Білім беру нысандарын жөндеу мен материалдық-техникалық базаны нығайту – оқушыларға сапалы білім берудің негізгі шарттарының бірі. Бұл бағытта жыл сайын қомақты қаржы бөлініп, жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 

– Былтыр білім беру объектілерін күрделі (6 нысан) және ағымдағы (87 нысан) жөндеуге 3,2 миллиард теңге бөлінді. Оның ішінде 1269,6 миллион теңгеге 6 мектепті күрделі жөнделді, 1895,8 миллион теңгеге 87 объектіде ағымдағы жөндеу жүргізілді. Осы жылы білім беру объектілерін ағымдағы жөндеуге 1140,6 миллион теңгеге бюджеттік өтінім берілді. Қаржы бөлінсе, 56 объектіде ағымдағы жөндеу жүргізілетін болады. Өткен жылы облыс бойынша 549,3 миллион теңгеге 45 пәндік кабинет сатып алынды. Биыл 31 мектептің 40 пәндік кабинетін жарақтандыруға 488,2 миллион теңге бөлінді. Бұл білім беру сапасын жақсартып, оқушылар үшін қолайлы оқу ортасын қалыптастыруға мүмкіндік береді, – дейді облыстық білім басқармасының басшысы.

«Қазақстанда ерекше қажеттілігі бар әрбір баланың толыққанды білім алуға мүмкіндігі болуы керек. Бұл – өте маңызды мәселе» деді ел Президенті Бурабайдағы құрылтайда. Иә, ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларды қолдау – маңызды бағыт. Облыста мұндай балаларға арналған арнайы мекемелер мен қызметтер жүйесі қалыптасқан. 

Иннеса Чернышёва келтірген мәліметтер бойынша, облыста ерекше білім беру қажеттілігі бар 12 304 бала бар (2291-і мектепке дейінгі жаста, 10013-і мектеп жасында). Ерекше балалар үшін облыста 4 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация (Шемонаихада, Алтайда, Өскеменде екі), оңалту орталығы, аутизм орталығы, 7 арнайы мектеп (алтауында интернат бар), 5 арнайы балабақша жұмыс істейді. 10 ауданда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері бар. Бұл шаралар олардың сапалы білім алуына және қоғамға толыққанды бейімделуіне мүмкіндік береді.

Оқушылардың психологиялық қауіпсіздігін қамтамасыз ету және олардың эмоциялық жай-күйін қолдау – білім беру жүйесінің маңызды міндеттерінің бірі. Бұл мақсатта психологиялық қызмет түрлі бағыттағы жұмыстар жүргізуде. 

– Психологиялық қызмет білім берудегі қиындықтарды анықтауға, консультация беруге, қолдау көрсетуге бағытталған. Психологиялық қолдау ата-ананың жазбаша келісімімен жүзеге асады. Психолог стрестің, буллингтің, суицидтің алдын алу іс-шараларын жүргізеді. «Тәуекел топтарымен» сабақтар, кеңес берулер ұйымдастырылады. Қажет болса бала медициналық мекемеге жолданады. Емтиханға дайындалу үшін 16087 кәмелетке толмағанды қамтитын 625 шара, буллингтің алдын алу бойынша 35427 кәмелетке толмағанды қамтитын 5236 шара өткізілді. Қатыгездіктің алдын алу аясында адамгершілік нормалары және заң міндеттері түсіндіріледі, ата-аналар үшін де түсіндіру жұмыстары көзделген. Ақпараттық материалдар, жадынамалар таратылады. Бұдан басқа, мектептерде буллинг фактілерін хабарлау үшін «Стоп-буллинг» жобасы іске қосылды, 111 байланыс орталығының QR-кодтары мен сенім телефондары орналастырылды. Бұл бастамалар оқушылардың жайлы ортада білім алуына мүмкіндік береді, – дейді басқарма басшысы.

Білім сайыстарында көш бастап келеміз

«Озық ойлы ұрпақ өсіру үшін білім мен тәрбие әрдайым қатар жүруі керек» деді Мемлекет басшысы Құрылтайда. Тәрбие туралы айтқанда оқушылардың шығармашылық қабілетін дамытуға және оларды адамгершілікке баулуға бағытталған «Taglym-ART» жобасы атаған орынды. Бұл жоба арқылы білім мекемелерінде ұлттық құндылықтарды насихаттау және оқушылардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. 

«Біртұтас тәрбие» бағдарламасындағы «Шабыт» жобасы негізінде «Taglym-ART» жобасы көптеген білім мекемелерінде жұмыс істейді. Бұл жобаның мақсаты – оқушының қабілетін ашып, пайдалы іс-әрекетке жұмылдыру. Әрбір баланы шығармалар арқылы адамгершілікке баулу, мектеп іс-шараларына белсене қатыстыру, бос уақыттарын тиімді пайдалануына ықпал ету. «Taglym-ART» оқушы бойына рухани құндылықты сіңіреді. Жоба креативті ойлауға, ұлттық дәстүрге, тарихқа қызығушылықты арттыруға бағытталған. Ақын-жазушыларды таныту мақсатында семинарлар, конференциялар, интерактивті сабақтар өткізіліп тұрады. Былтыр педагог Құмаш Нұрғалиевтің 100 жылдығына орай өңіраралық педагогикалық оқулар өтті. Ілияс Есенберлинге, Ермұхан Бекмахановқа арналған интерактивті сабақтар өткізілді.

Шығыс Қазақстан облысының оқушылары білім сайыстарында жоғары нәтижелер көрсетіп келеді. Олар облыстық, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына белсене қатысып, жүлделі орындарға ие болуда. 

Басқарма мамандарының айтуынша, жыл сайын 17 облыстық, 20 республикалық, 8 халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына облысымыздың 3670 оқушысы қатысады. 2023-24 оқу жылында 17 облыстық іс-шара ұйымдастырылып, оған 3393 оқушы қатысса, оның 1995 жүлдегер атанды. Республикалық олимпиада мен конкурстарға 255 оқушы қатысты, 100-і жүлдеге ие болса, 39-ы грамотамен марапатталды. Облыс қоржынында 21 алтын, 33 күміс, 46 қола медаль. Ауыл оқушыларына арналған 1-ші республикалық олимпиадада Шығыс Қазақстан командасы үздік деп танылды. Жаратылыстану-математика пәндері бойынша республикалық олимпиадада облыс командасы үздік үштікке кірді.

Шығыс Қазақстан оқушылары халықаралық олимпиадаларда да жоғары нәтиже көрсетуде. 2023-24 оқу жылында 22 оқушының 20-сы жүлделі болса, біреуі грамотамен марапатталды. Облыс қоржынында Астанада, Алматыда және Сербияда, Өзбекстанда, Албанияда өткен халықаралық жарыстардан 3 алтын, 3 күміс, 14 қола медаль бар. Облыс оқушылары ұлттық құрамаға мүше болуда.

Сонымен қатар зияткерлік сайыстарға барлығы 89281 оқушы қатысып, өз білімін сынауға мүмкіндік алады.

Оқушылардың білімге деген құштарлығы мен дайындығының жоғары деңгейі өңірдің интеллектуалдық әлеуетін айқындайды. Жыл сайын өткізілетін олимпиадалар мен конкурстар жастардың ғылыми ізденісін қолдап, олардың болашағына жол ашады. Шығыс Қазақстанның жас дарындары ұлттық және халықаралық деңгейде ел намысын абыроймен қорғап, зор жетістіктерге жетуде.

Білім беру сапасын арттыру және басқарушылық тиімділікті қамтамасыз ету мақсатында білім беру ұйымдарының жетекшілері мен білім бөлімдері үшін мониторингтік бақылау жүйесі енгізілген. 

– Заңға сәйкес білім беру ұйымдарының бірінші басшылары үш жылда бір рет аттестаттаудан өтеді. Аудандық, қалалық білім бөлімдерінің басшылары білім сапасын арттырудың мониторингін тоқсан сайын жүргізеді. Мониторинг қорытындысы қаралып, ұсыныстар мен ескертулер беріледі, – дейді Иннеса Чернышёва. – Білім басқармасы келіп түскен арыз-шағымдардың мониторингісін үнемі жасап отырады. Аудандық, қалалық білім бөлімдері тоқсанына бір рет рейтинг жүргізеді. Рейтинг қортындысы бойынша білім беру ұйымдарының басшыларына тиісті шаралар қолданылады.

Бұл жүйе білім беру мекемелерінің қызметін жетілдіруге, оқыту сапасын арттыруға және тиімді басқаруды қамтамасыз етуге ықпал етеді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу