«Altay Athletics» спортшылары 37 жыл сақталған рекордты жаңартты
«Altay Athletics» клубының екі спортшысы 37 жыл бойы мұрты бұзылмаған рекордты жаңартты. Бұл оқиға Италияның Неаполь қаласында аяқталған дүниежүзілік жазғы Универсиадада тіркелді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Дүбірлі доданың соңғы күнінде 4х400 эстафетасына қатысқан қазақстандық төрттік аталмыш қашықтықты 3:07,66 минутта жүгіріп өтті. Бұл – сайысқа қатысқан командалар арасындағы небәрі сегізінші көрсеткіш болғанына қарамастан, отандастарымыз үшін ерекше нәтиже болды. Себебі, олар осыдан 37 жыл бұрын орнатылған Қазақстан рекордын жаңартты. Еске салайық, 1982 жылы Курочкин, Пфейфер, Янцен мен Славинский квартетіне 4х400 эстафетасын еңсеруге 3:09,51 минут қажет болған-ды. Яғни, бұрынғы рекорд шамамен екі секундқа жаңарды деген сөз.
Айта кетейік, Италия жерінде ел намысын Михаил Литвин, Андрей Соколов, Давид Ефремов пен Вячеслав Земс төрттігі қорғады. Осы орайда оның екеуі – Литвин мен Соколов шығысқазақстандық «Altay Athletics» клубының өкілдері екенін айтқан орынды.