Биыл Қазақстанда шағын және орта бизнесе арналған несиелер 900 млрд теңгеден астам сомаға субсидияланады
Фото: primeminister.kz
Қазақстан Үкіметі инвестициялық ахуалды жақсарту және кәсіпкерлікті дамыту бойынша кешенді жұмысты жалғастыруда, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Үкіметтің баспасөз қызметінің ақпараты бойынша, қабылданған шаралардың арқасында шағын және орта бизнесте жұмыспен қамтылғандар саны 10%-ға артып, 4,3 млн адамға жетті. Бұл еліміздегі еңбекке қабілетті азаматтарының 45%-ы. Өткен жылдың 9 айында Қазақстанның жалпы ішкі өніміндегі шағын және орта бизнестің үлесі 36,5%-ға дейін өсті.
Бизнес жүргізу шарттары айтарлықтай жеңілдетілді. Мысалы, 10 мыңнан астам артық талап алынып тасталды. Тәуекелдерді басқару жүйелерін автоматтандыру нәтижесінде 1 қаңтардан бастап адам қатысуынсыз тексерулер тағайындалып жатыр. Бұл шара тексерулер санын 2 есе азайтады.
Әкімшілендірудің сервистік моделін енгізуді көздейтін жаңа Салық кодексі бойынша жұмыс жалғасуда. Нәтижесінде салық міндеттемелерін орындау процесі айтарлықтай жеңілдемек.
Жалпы салықтар мен басқа да төлемдер саны 20%-ға, ал салық есебі нысандарының саны 30%-ға қысқарады. Бұл ретте өңдеу өнеркәсібіндегі жаңа жобалар 3 жылға салық төлеуден босатылады.
Айжанат Бақытқызы