Тұрақтандыру қорларындағы азық-түлік су тасқынынан зардап шеккен жоқ – Министрлік
Фото: Sputnik / Меруерт Алимова
Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегі бойынша, еріген судан зардап шеккен Ақтөбе, Павлодар, Ақмола, Қарағанды, Қостанай және Абай облыстарындағы тұрақтандыру қорларында бүгінде 63,4 мың тонна азық-түлік бар, деп хабарлайды Altainews.kz сайты Sputnik сайтына сілтеме жасап.
«Барлық өнім құрғақ жерде сақталады және тасқын судан зақым келген жоқ. Басқа өңірлердің тұрақтандыру қорларында шамамен 110 мың тонна азық-түлік қоры бар және қажет болған жағдайда ол қор зардап шеккен өңірлерге жедел жөнелтілуі мүмкін», - делінген министрлік хабарламасында.
Вице-премьер Серік Жұманғарин зардап шеккен өңірлерде дүкендер мен сауда орындарының жұмысын барынша тез қалпына келтіруге және азық-түлік қорларын қажетті көлемде шектеуден шығаруға назар аудару қажеттігін айтты.
Сондай-ақ премьер-министрдің орынбасары «Азық-түлік корпорациясы» АҚ-ға өңірлерді ауыл шаруашылығы жануарлары үшін азықпен қамтамасыз ету мәселелерін жылдам және бюрократиясыз пысықтауды тапсырды.