Әйел кеден қызметкерлеріне шалбар киюге рұқсат етіледі
Фото: ҚР ҚМ
Қаржы министрлігі нысанды киім үлгілеріне, нысанды киім киюге құқығы бар мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің тізбесіне, онымен қамтамасыз етудің заттай нормалары мен айырым белгілеріне, сондай-ақ оны кию ережелеріне түзетулер дайындады, деп хабарлайды Altainews.kz сайты.
Түзетулер әйелдердің қыс мезгілінде кедендік бақылауды жүзеге асыратынын ескере отырып, шалбарды әйелдердің күнделікті нысанды киіміне енгізуге қатысты.
Осылайша, әйелдер формасының жиынтығына мыналар кіреді:
- сұр түсті берет;
- қою көк түсті пиджак;
- сұр түсті белдемше;
- жеңі ұзын ақ түсті жейде;
- жеңі қысқа ақ түсті көйлек;
- көгілдір-сұр жолақты көк түсті галстук;
- қою көк түсті тері күрте;
- қою көк түсті теріден жасалған құлақшын;
- сұр түсті кашне;
- қара түсті жылы етік;
- қара түсті туфли;
- сұр түсті шалбар.
Сондай-ақ, ерлер мен әйелдерге арналған май және су сіңдірмейтін және жарыққа шағылысатын элементтері бар сары түсті мақта матадан жасалған сигналдық кеудеше әзірленді.
Бұдан басқа, нысанды киім киюге құқығы бар мемлекеттік кірістер органдары қызметкерлерінің тізбесі кеңейтілді.
Құжат 29 мамырға дейін жария талқылау үшін Ашық НҚА сайтында орналастырылған.