Дәрігеріміз Германиядан білім алып келді
Шығыс Қазақстан облыстық көпсалалы онкология және хирургия орталығының консультативтік-диагностикалық бөлімшесінің эндоскописті, жоғары санатты дәрігер Нұргүл Өтебаева Герцберг қаласында орналасқан Elbe-Elster Klinikum клиникасында оқудан өтті. Клиниканың эндоскопиялық орталығы Германияда жетекші орын алады. Оқытуды профессор Roland Reinehr басқарды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Біліктілікті арттыру курсы 180 академиялық сағаттан тұрады. Бір ай бойы Нұргүл Өтебаева эндоскопияны пайдалана отырып, қатерлі ісікті диагностикалау мен емдеудің жаңа әдістерін үйренді. Жақын арада бұл әдістер өзіміздегі онкологиялық орталықта енгізіледі. Мұндағы стационардың 1-3 қабаттарын жаңғырту аясында эндоскопия орталығын ашу жоспарланып отыр, бұл осы бағытты дамыту мен жетілдіру үшін барлық жағдай жасауға мүмкіндік береді. Эндоскопия орталығы ұлттық және халықаралық стандарттарға сай болмақ.
Нұргүл Өтебаеваның айтуынша, неміс мамандары оны жылы шыраймен қарсы алып, жылдар бойы жинақтаған тәжірибелерімен қуана бөліскен екен. Нұргүл Қазақстаннан Elbe-Elster Klinikum базасында оқудан өткен алғашқы дәрігер болды.