Қазақстандық оқушылар халықаралық робототехника чемпионатынан жоғары марапатпен оралды
Фото: ҚР Оқу-ағарту министрлігі
Гонконгтегі FIRST Asia Championship халықаралық чемпионаты аяқталды. Оған 45 ел мен 210 команда қатысты, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ақпараты бойынша, елімізді LEAS мектебінің Aldebara Алматы командасының өкілдері Аркен Амангелді, Ескендір Гильмундинов, Арлан Жақсыбергенов, Марк Ульянов, Мартин Васильев, Сабина Абылай таныстырды. Жаттықтырушылары – Рамина Сабирова және Балғын Исақожа.
Оқушылар ғылыми жобасын өнердегі жаңашылдық тақырыбы бойынша ұсынды. Жоба музейлер, көрмелер мен инсталляцияларда ыңғайлы және қарапайым қозғалысқа арналған шынайы көрініс беретін қосымша мүмкіндігі бар навигатор ретінде таныстырылды. Қазақстандық инженерлердің жобасы халықаралық қазылар алқасының оң бағасына ие болып, беделді Team Model Award сыйлығын алып келді.
Естеріңізге сала кетейік, команда халықаралық чемпионатқа Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен USTEM Foundation қоғамдық қоры мен «Дарын» РҒПО ұйымдастырған Central Asia FIRST Championship Орталық Азия чемпионатында жолдама алды.