ШҚО әкімі Марқакөл жұртшылығымен кездесті
Өткен жылы шаңырағын қайта тіктеген шекара шебіндегі Марқакөл ауданының әлеуметтік жағдайы біртіндеп реттеліп келеді. Ауданға жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы Ермек Көшербаев жергілікті халықпен кездесіп, өңірде атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жалпы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асырудың бір мысалы ретінде Марқакөл ауданын қалпына келтіруді айтуға болады. ШҚО әкімі Ермек Көшербаев ауданның дамуы, өзін-өзі қамтамасыз ете алатын өңірге айналуы өте маңызды екеніне тоқталды.
Жаңа ауданға Мемлекеттік органдарды орналастыру үшін әлеуметтік нысандар мен әкімшілік ғимараттарды күрделі жөндеуге Үкіметтің резервінен 1,8 млрд теңге бөлінген. Облыс басшысы аудан әкiмiне жауапты басқармалармен бiрлесiп әкiмшiлiктер мен әлеуметтiк объектiлердi жөндеудiң сапалы және уақтылы аяқталуын қадағалауды тапсырды.
Айта кетейік, соңғы 5 жыл ішінде Марқакөл ауданына 33 млрд теңгеден астам бюджет қаражаты және 24 млрд. теңге жеке инвестициялар бөлінген.