Марқакөл ауданында қос пәтерлі 10 үй салынады
Қайта құрылған Марқакөл ауданында «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында екі пәтерлі 10 үйдің құрылысы басталды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жаңа ауданда салынатын бұл үйлер көпбалалы және әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасыларға беріледі.
– Марқакөл ауылында ағымдағы жылы «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында екі пәтерлі 10 үй салу жоспарланған болатын. Бүгін күні жергілікті кәсіпкер азамат құрылыс жұмыстарының басын бастап кетті. Үлкен іс жақсылыққа ұлассың деген үмітпен құрылыс орнында құрбандық шалынып, бата берілді. Жаңа ашылған ауданымызға көшіп келіп жұмысқа орналасам деген адамдардың ішінде жоғарыда аталған санатқа жататын отбасылар болса, оларға да бұл үйлер берілетін болады, – дейді Марқакөл ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстембек Кемешов.
Осылай қайта құрылған Марқакөл ауданында құрылыс жұмысы да жандана түсті. Облысымыздағы туристік әлеуеті жоғары бұл ауданның дамуына мемлекет тарапынан ден қойылып, ауданды көркейтудің әртүрлі жолы қарастырылуда.
Оқи отырыңыз