KZ
Өскемен
-24°
плотный туман жел 1 м/с, З
524.66 550.21 5.09

Каратэшілер кәріқұрлықтан олжалы оралды

12.09.2024, 10:54 311 Қызырбек Дүргінбайұлы

Соңғы кезде Шығыс Қазақстан облысының жас спортшылары әлемдік додаларда сәтті өнер көрсетіп жүр. Бұл жолы каратэшілер кәріқұрлықтан олжалы оралды, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

Румынияның Клуж-Напока қаласында 1-9 қыркүйек аралығында киокушинкай-кан каратэден Еуропа чемпионаты өткен болатын. Аталмыш додада шығысқазақстандық төрт спортшы топ жарды. Өңір жұртшылығы жүлдегерлерді Өскемен әуежайында қарсы алып, құрмет көрсетті.

– Шығыс өңірінде бұл спорт түрі қарқынды дамып келеді. Бүгінде облыста 600-ден астам бала шұғылданады. Еуропа төрінде өткен байрақты бәсекеде ел намысын 13 спортшы қорғап, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді. Соның ішінде Шығыс Қазақстаннан барған төрт спортшымыз жеңіс тұғырынан көрінді, – дейді ШҚО бойынша киокушинкай-кан каратэ спортының бас бапкері Әлібек Қанқожаев.

Шығысқазақстандық спортшылар бұл жолы каратэнің ката және кумите түрлері бойынша жеңіске жетті. Нақтырақ айтқанда, Ақерке Болатова 12-13 жас бойынша каратэнің ката түрінен 1 орын алса, кумите сайысында 55 келі салмақ дәрежесінде сынға түсіп, қарсылас шақ келтірмеді. Ал Алдияр Талғатов 12-13 жас бойынша кумите түрінен 1 орынды жеңіп алса, Мәулия Талғат есімді спортшы ката түрінен 3 орынды, кумите түрінен 2 орынды еншілеп қайтты. Сондай-ақ Ақат Сәбитұлы кумите түрі бойынша қола жүлдені қоржынға салып, жауынгерлік рухы үшін жүлдеге ие болған.

– Бұл спорт түрімен жеті жылдан бері айналысып келемін. Көптеген жетістіктерге жеттім. Осы жолы Еуропа төрінде еліміздің туын биікке көтердім. Бапкерлерім мен ата-анамның қолдауының арқасында жоғары нәтижеге қол жеткіздім деп ойлаймын. Бұл жолғы сайыста қарсыластар қиындық туғызған жоқ. Дегенмен алдағы сайыстар үшін жаттығуды әлі де күшейте түсетін боламын, – дейді жеңімпаз Ақерке Болатова.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу