Ауылдық жердегі дәрігерлер Түркияға аттануы мүмкін – ШҚО
Ауылдық жердегі дәрігерлер білімін жетілдіруі үшін Түркияға аттануы мүмкін.
Бұл туралы Ана мен бала орталығының жұмысымен танысу барысында ШҚО әкімі Ермек Көшербаев айтты, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Ана мен бала орталығы стационарлық және стационарды алмастыратын нысанда мамандандырылған, білікті медициналық көмек көрсетеді. 7 ай ішінде ондағы педиатриялық блокта жоғары технологиялық 20-ға жуық операция жүргізілген.
ШҚО денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, орталықтың оңалту бөлімшесі 30-дан астам заманауи оңалту медициналық жабдықтарымен жабдықталған. Кішкентай пациенттермен невропатологтар, реабилитологтар, ЕДШ нұсқаушылары, логопедтер, дефектологтар, кәсіби терапевтер, психологтар, медбикелер тобы жұмыс істейді.
Мәселен, оңалту бөліміндегі «ROBACTIV» аппараты. Аталмыш жабдықты орталық ашылғанда облыс әкімдігі сыйға беріпті. «ROBACTIV» аппараты өз бетінше жүріп, отыра алмайтын балалардың қызметін қалпына келтіруге көмектеседі. Бүгінгі күні ол – облыстағы жалғыз аппарат. Онымен жұмыс істейтін ЕДШ нұсқаушысы бұл заманауи жабдықпен жұмыс істеу үшін Астана қаласына барып білімін жетілдірген көрінеді.