ШҚО тұрғындарына 328 мобильді бригада көмек көрсетуде
Көптеген жағдайларда коронавирустық инфекция жеңіл немесе орташа дәрежеде өтеді. Мұндай жағдайлардың көпшілігін емдеуді алғашқы медициналық-санитарлық көмек дәрігерлері жүргізеді.
Орталық коммуникациялар қызметінің брифингінде ШҚО әкімінің орынбасары Шәкәрім Бұқтұғұтов айтып өткендей, облыс тұрғындарына амбулаториялық деңгейде 328 мобильді бригада көмек көрсетуде. Олар пациенттерді қарайды. КВИ-ға ПТР-тестілеу жүргізу үшін биологиялық материал алып, дәрілік препараттардың берілуін қамтамасыз етеді. Аймақтағы эпидемиологиялық жағдай нашарлаған кезде қосымша бригадаларды орналастыруға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, 120 жедел медициналық жәрдем бригадасы шұғыл көмек көрсетеді. Шәкәрім Бұқтұғұтовтың айтуынша, тәулігіне орта есеппен 1 400 шақырту келіп түседі. Күту уақытын қысқарту және жедел жәрдемге жүктемені азайту үшін жедел жәрдем автомобильдерінің паркі 216 бірлікке кеңейтілді. Коронавируспен ауырған және жағдайы өте ауыр науқастарға көмек көрсету үшін Өскемен мен Семейде Ана мен бала орталығы, Семей жұқпалы аурулар ауруханасының базасында екі құзыреттілік орталығы құрылды. Емдеуге жатқызу уақытын қысқарту және инфекциялық стационарларға жүктемені азайту мақсатында пациенттердің жағдайының ауырлығы бойынша маршруты әзірленді. Бұл төсек қорын ұтымды пайдалануға мүмкіндік береді. Осылайша, ауыр науқастар өкпе тінінің зақымдану дәрежесіне және сатурация деңгейіне байланысты белгілі бір жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылады.
Шығыс Қазақстанда ауыр науқастар тасымалданбайтын жағдайларда құрамына анестезиолог-реаниматологтар, инфекционистер, пульмонологтар кіретін көшпелі шұғыл ден қою бригадалары ұйымдастырылды.
Коронавирус аурудан сауығып шыққан адамдардың денсаулығына әсер етеді. Сондықтан аймақта коронавирусты орташа және ауыр дәрежеде ауырған науқастар үшін 18 оңалту ауруханасы ашылды.