Өскеменде аутизмге шалдыққан балаларға арналған кабинет ашылды
Өскеменде аутизмге шалдыққан балаларға арналған кабинет ашылды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Ресми деректерге сүйенсек, Шығыс Қазақстан облысында ерекше білім беру қажеттіліктері бар 15 мың бала бар. Оның 400-ге жуығы аутизммен ауырады. Инклюзияны қолдау мақсатында «Болашақ» корпоративтік қоры қалалық білім басқармасымен бірлесіп 2019 жылы аймақ көлемінде төрт бірдей арнайы кабинет ашты. Оның үшеуі Өскеменде – №15, №26 және №39 орта мектептерде.
№15 орта мектептегі инклюзияны қолдау кабинетінде 7-14 жас аралығындағы 11 бала білім алып жатыр. Оқытушылар құрамы да 11 маманнан тұрады: мұғалім, психолог және 9 педагог-ассистент. Мамандардың жұмысы нәтижесін беріп үлгерді. Оқу жылының басында екі бала өз бетінше білім алатын деңгейге жетті. 2019 жылы 1 сыныпқа келген Таир Мейірбаев пен Мария Шевченко келесі сыныпқа педагог-асистенттердің көмегінсіз көшті.
– Біз 17 өңірде 41 инклюзияны қолдау кабинетін аштық. Өскеменде ерекше балалардың сапалы білім алуына тиісті жағдай жасалып жатқанына қуаныштымын. Арнайы кабинет ашу туралы бірінші болып ұсыныс білдірген қала басшылығының балаларға деген қамқорлығына тәнтіміз, – дейді «Болашақ» корпоративтік қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Шайжүнісова.
Оның айтуынша, Өскемен басшысы ерекше балаларға арнап кабинет ашу туралы ұсыныс білдірген санаулы әкімдердің бірі.
– Өкінішке орай қаламызда аутизмге шалдыққан балалар саны артып келеді. Бірақ олар ортаға бейімделуі тиіс. Бұл өмір талабы. Осы мақсатта инклюзияны қолдау кабинеттерін ашуды қолға алдық. Бір қалада үш бірдей арнайы кабинеттің ашылуы – үлкен жетістік, – деп атап өтті Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар.