KZ
Өскемен
-10°
небольшая облачность жел 3 м/с, С
498.34 519.72 4.85

ШҚО-да ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға пандемия кезінде қандай қолдау көрсетілуде?

16.09.2020, 08:25 287

Шығыс Қазақстан облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қажымұқан Оспанғалиев ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қандай қолдау көрсетіліп жатқанын атап айтты.

Бүгінде облыста ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған 7 ұйым жұмыс істейді. Онда 606 тәрбиеленуші бар. Аталмыш санаттағы балаларға пандемия кезінде меценаттар қолдау білдірді.

Әрбір ұйым термометрмен, сондай-ақ антисептикалық және дезинфекциялық құралдармен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар 4 ұйымда дезинфекциялық туннельдер орнатылды.

Білім басқармасы кіші, орта және ірі бизнес өкілдеріне алғыстарын білдірді. Қажымұқан Оспанғалиевтің айтуынша, облыстағы кәсіпорынның бірі балаларға ноутбуктер, дезинфекциялық туннельдер, бетперде (маска), антисептиктер, санитарлық кілемшелер мен электронды термометрлер алып берген. Сонымен қатар жазғы демалысты ұйымдастырып, интернеттің ақшасын төлегенін атап өткен орынды. «Дегдар» гуманитарлық қоры балаларға қажетті дәрі-дәрмекте беріп жіберген.

«Дара» қайырымдылық қоры да пандемия кезінде көмек көрсетті. Оқу жылы басталмас бұрын №8 балалар үйіне теледидар, принтер, модем, құлаққап пен 20 смартфон алып берді. Аталмыш қор есебінен ерекше білімді қажет ететін балаларға 3 ноутбук пен 14 планшет тарту етілді.

Өскемендегі №19 мектепке спорттық құрал-жабдықтар сатып алынды. Енді көзі нашар көретін балалар голбол сынды спорт түрін үйренетін болады.

– «Дара» қоры ерекше білімді қажет ететін балаларға сапалы білім беруді шешуге көмектесетін біздің сенімді серіктесіміз. Бес жылдың ішінде осы қормен бірлесіп, бірнеше жобаны іске асырдық. Өскемен мен Семейде психологиялық-педагогикалық түзетумен айналысатын екі кабинет ашылды. Облыс көлемінде алғаш рет Өскемендегі №19 мектепте көзі нашар көретін балаларға арналған арнайы класс ашылды. Өскемен мен Семейдегі №8 және №20 мектептердің базасында ерекше білімді қажет ететін балаларға арналған ресурстық орталықтар бой көтерді, - деді Қажымұқан Оспанғалиев.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу