Өскеменде жол апатынан жеңіл көлік металл үйіндісіне айналды
Фото: ашық дереккөз
Бүгін қаладағы Ертіс көпірі маңында орын алған жол-көлік оқиғасының салдарынан үш адам зардап шекті, қаза тапқандар жоқ.
Апат Қ.Сәтбаев даңғылы, 90 мекенжайы ауданында болған. Полиция әзірге бұған қатысты түсініктеме берген жоқ, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Куәгерлердің айтуынша, №262 шағын автобус жүргізушісі істен шыққан дөңгелекті жөндеу үшін жол жиегіне тоқтаған. Автобуста жолаушылар болмаған. Ал ВАЗ маркалы жеңіл көлігі қатты жылдамдықпен келіп, қоғамдық көлікке соғылған. Абырой болғанда, автобус дөңгелегін жөндеп жатқан жүргізуші дер кезінде орнынан тұрып, қауіпсіз жерге шығып үлгерген.
"Үш адам зардап шекті. ВАЗ автокөлігінің жүргізушісі ауыр жағдайда. Оның жолаушысы ауруханаға жатқызудан бас тартты. Шағын автобус кондукторы да жеңіл жарақат алды, бірақ ол да ауруханаға барудан бас тартты", деп түсінік берді жол-көлік оқиғасына қатысты ШҚО денсаулық сақтау басқармасының өкілдері.