Самал ауданының сайлаушылары белсенді – Өскемен
Бүгін елімізде Мәжіліс пен мәслихат депутаттарын сайлау басталды.
Өскемендегі Самал ауданында Наурыз мейрамы қарсаңында болып жатқан сайлауға қатысушы жұрттың белсенділігі жоғары, деп хабарлайды Altaynews.kz сайты.
Сайлау учаскелерінде саяси науқан ғана емес, мерекелік көңіл-күй де сезіліп тұрғандай. Өйткені сайлау комиссиясының мүшелерінің біразы ұлттық нақыштағы киімдерін киіп саяси науқанға келушілерді жылы қарсы алса, мектептің кіреберісіне сацйлаушылар үшін ыстық шәй мен бауырсақтан кішігірім дастархан жайып қойған. Өскемен қалалық №27 мектепте орналасқан №116, 117, 118 сайлау учаскелері бойынша алғашқы 1 сағаттың өзінде 550 ден астам адам дауыс беріп үлгерген. Жалпы №116 сайлау учаскесі бойынша 2138 адам, №117 сайлау учаскесі бойынша 1906 адам, №118 сайлау учаскесі бойынша 1932 адам дауыс беретіндігі көрсетілген. Демалыс күні болса да ертелетіп келіп дауыс беріп жатқандардың қарасы көп. Ал сайлаушыларға арнап мектепте мерекелік концертте дайындалыпты. Біз осылайша бұл участіктегі сайлаушылар таңдауын жасап, әнін тыңдап қайтып жатқанын көріп қайттық.