Бруцеллез жұқтырудан республикада төртінші орында тұрмыз – ШҚО
Фото: шартты сурет
2023 жылдың басынан бастап ШҚО аумағында бруцеллездің 9 жағдайы тіркелді.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Слямгазина 2023 жылдың 1 тоқсанында өңір аумағында бруцеллездің 9 жағдайы тіркелгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Аtaynews.kz тілшісі.
Өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сырқаттанушылық 7 жағдайға артқан.
ҚР АШМ Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің Шығыс Қазақстан облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Қайрат Жайыров ПТР әдісімен бактериологиялық зерттеу нәтижелері бойынша және бруцеллездің таралуын шектеу үшін 2023 жылы ірі қара малы арасында 5 қолайсыз пункт ашылғанын айтты. Оның 3-і Күршім ауданында, 1-і Ұлан ауданында, 1-і Катонқарағай ауданында. Қолайсыз пунктте Республикалық эпизоотияға қарсы жасақтың мамандары жұмыс істейді. Әр 15-20 күн сайын бруцеллезге серологиялық зерттеулер және басқа да іс-шаралар жүргізіледі.
Сонымен қатар спикер ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақстан Республикасының аумағында сібір жарасы жағдайлары анықталмағанын атап өтті. Ал облыста осы жылға сібір жарасы бойынша иммундау жоспары 73,5%-ға орындалған.
Брифингте С.Слямгазина жыл басынан бері аймақтың емдеу-профилактикалық мекемелеріне жануарлардың шағуынан, тырнауынан және сілекейінен зардап шеккен 373 адам жүгінгенін атап өтті. Өңірдің барлық аудандары мен қалаларында жыл сайын "тәуекел тобындағы" контингенттердің құтыруына қарсы жоспарлы профилактикалық иммундау жүргізіледі.