KZ
Өскемен
-2°
туман жел 1 м/с, С
530.12 546.08 5.17

Күршімдегі оңтайлы шешім халықтың да, қазынаның да қаржысын үнемдеді (видео)

23.04.2024, 14:06 188 Ләззат Қанатқызы

Күршім ауылында қазір 36 көпқабатты үй бар. Соның үшеуі ғана орталық жылу жүйесіне қосылған. Ал қалғандары пешке от жағып отыр. Бұл үйлердің тұрғындары отын-көмірге қыруар ақша жұмсайды. Электр қуатымен жылынып отырғандар да айына кемінде 40-50 мың теңге төлейді.

Аудан басшылығы жылдар бойы қордаланып қалған бұл мәселенің түйіні кезең-кезеңмен біртіндеп шешіліп жатқанын мәлім етті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

 – Үйдегі пешті электр қуатымен жылытып көрдік. Айына 40 мың теңге, қатты аяз болған күндері 70 мың теңгеге дейін шықты. Пеш жақсақ 6-7 тонна көмір аламыз. Оның тоннасы бізге жеткенше 30-35 мың теңге болады. Одан кейін отын дайындап, оны көлік жалдап тасимыз. Оған 100 мыңдай ақша шығатын. Өстіп жүргенімізге 30 жылдай уақыт болды, - дейді аудан тұрғыны Көбеген Нұғымаров.

Аудан орталығындағы ең өзекті мәселені әкімдік өз бақылауына алған. Аудан әкімі Алмат Ақышовтың айтуынша, жылдар бойы жылу күтіп жүрген тұрғындардың мәселесі біртіндеп шешімін тауып келе жатыр. Мәселен, былтыр ауылдағы екі әлеуметтік нысан мен екі көпқабатты үйге жылу желісі тартылған.

-        Әрине, көпқабатты үйде от жағу оңай емес. Электр тоғы да қарапайым халыққа қымбатқа түседі. Сондықтан жылу мәселесімен айналысып, шешімін таптық. Қазір аурухананың жылу қазандығын әкімдіктің теңгеріміне алдық. Былтыр үш жылу қазандығын қойып, №3 мектепке, балабақшаға және екі көпқабатты үйге жылу тартқанбыз, - деген Алмат Ақышов бұл жұмыстар биыл да жалғасатынын айтты.

Ол үшін бұрыңғы «Қазпошта» ғимаратының жылу қазандығын сатып алып, жөндеу жүргізіліп жатыр.

-        Биыл тағы кем дегенде бес-алты көпқабатты үйді және тоғыз әлеуметтік нысанды жылуға қосу жоспарда бар. Оның өзі бюджетке үлкен үнем әкеледі. Сондай-ақ бұл тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, жайлы жағдай туғызуға ықпал етеді, - деді аудан әкімі.

Биылғы 25 қаңтардан бастап орталық жылу жүйесіне қосылған үйлердің қатарында жоғарыда аты аталған зейнеткер Көбеген Нұғымаровтың да пәтері бар. Ол қаған аязда үй ішіндегі температура +24 градустан төмен түспегенін айтты.

-        Бұрын көпқабатты үй деген аты ғана, көмір тасып, от жағып отыратынбыз. Биыл қыста алғашқылардың бірі болып жылуға қосылдық. Ешқандай шағым жоқ, енді басқа үйлер де біз сияқты орталық жылуға қосылса екен. Үйіміздің температурасы қыс бойы 24-26 градусты ұстап тұрды, - дейді зейнеткер.

Осы уақытқа дейін аудандағы екі мектеп пен балабақша да тоқпен жылытылған. Биыл орталықтандырылған жылуға қосылағаннан кейін бюджетте 43 миллион теңге қаржы үнемделген.

Бұл оңтайлы шешім халықтың да, қазынаның қалтасындағы қаражатты үнемдеуге үлкен септігін тигізген. Жылуға қосылған алғашқы қыста 4900 тонна көмір жағылыпты.

-        Орталықтандырылған жылу арзанға түседі. Тұрғындарға да солай, бұрын 40-50 мың теңге төлесе, қазір айына 12 мың теңге ғана төлейді. Жұмыс әлі жалғасады. Халық бізді түсініп отыр. Бұл бір жылда шешілетін мәселе емес. Біздің мақсат - алдағы 4-5 жылда бұл мәселені түбегейлі шешу, - деп түйді аудан әкімі.


Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу