Семейдің маңындағы аудандарға су тартылады
Семейдің маңындағы Ұшақтар, Ақсай, Восход кенттерінде су құбыры болмаған. Адамдар кқп жылдар бойы көшедегі құдықтан су тасып келді. Қазір бұл елді мекендерде «Нұрлы жер» бағдарламасының аясында су құбырлары жүйесінің құрылысы басталды, деп хабарлайды Altaynews тілшісі.
Бүгінгі таңда Ұшақтар кентінде ұзындығы 40,2 шақырым болатын су құбырын тарту бойынша жұмыстар аяқталып, құбырлардың қысымы тексерілуде. Жоба қазан айының соңында аяқталады деп жоспарланған. Жалпы су құбырларының құрылысына 1 млрд 271 млн 733 мың теңге бөлініп отыр.
Ақсай ауылындағы су құбырлары жүйесінің ұзындығы 75 шақырым. Оған бөлінген қаражаттың сомасы 1 миллиард теңгеден асады. Восход кентіндегі құрылыс жұмыстары да белсенді жүріп жатыр. Мұндағы жобаның жалпы сомасы – 253 млн 101 мың теңге. Осы жылдың желтоқсан айына қарай барлық жұмыстар аяқталады деп болжануда.
Құрылыс жұмыстары толық аяқталғаннан кейін нысан жергілікті Семей су арнасының теңгеріміне өтеді.