Күршімдегі дауыл: Теректерді түбірімен қопарып кетті (ВИДЕО)
Мамырдың 21-і күні түстен кейін, сағат 16.00-де Күршім ауданы Құйған ауылынан басталған қара құйын, ауылдағы шағын орталықтың төбесін ұшырып, Қайыңды ауылындағы теректерді түбімен қопарып кетті, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
«Қызылту» өткеліндегі дәмханалардың да шатырының жерде жатқанын жолай өткенде көрдік.
Владимир Рожинский, Қайыңды негізгі орта мектебінің директоры:
– Аяқ астынан соққан құйынның әсері қатты болды. Мектептің төбе шатырының біраз жерін жұлып кетті, оны өз күшімізбен қалпына келтіріп қойдық.
Айман Наурызбаева, ауыл тұрғыны:
– Зәулім ағаш құлап, жаздық ас үйімізді басып қалды. Тура сол кезде отағасы далада жүрген болатын. Жаюлы тұрған кілемдерді алып үлгеріпті. Құйын басылғанда далаға шығып,теректің құлап жатқанын көріп, шошып кеттік, сол кезде адам болса бірдеңе деу қиын болар еді. Тосын жағдайдан секем алған ауыл тұрғындары көшеге шығудан қорқып отыр.
Талғат Егізбаев, «Алтай Энергия» мекемесі учаскелік байланыс жүйесінің шебері:
–Мекемеге қоңырау түскеннен кейін, дереу атқа қонып осында келдік. Сол күні түнгі сағат тоғызға дейін, үзілген сымдарды жалғап, қалпына келтіру жұмыстарын жүргіздік. Бүгінде жұмысымызды жеделдетіп жалғастырып жатырмыз. Ауыл жарықсыз қалса, тұрғындардың бәрінде теледидар, тоңазытқыш, телефон бар, біреу ауызашар бергісі келеді, біреу тоқпешпен тамақ істейді, бәріне жарық керек, сол үшін жанталасып жұмыс істеп жатырмыз.
«Қызыл ту» өткеліндегі Кафе иелерінің бірі Талаптан Қанапиянов:
– Табиғаттың тосын мінезін ешкім болжай алмайды ғой, аяқастынан осындай дауыл тұрып, кафеміздің шатырын жұлады деген ойымызда жоқ. Паромдар да сол кезде жағаға жете алмай, су бетінде біраз әбігерге түсті. Ел аман болғанына қуанып отырмыз,- дейді. Осы жағдайды көзімен көрген басқа дәмхананың жұмысшылары Гүлжан Қапышовамен Қарлығаш Қайыңбаева да қатты қорыққандықтарын жасырмады.
Көгедай Шәмерханұлы