ШҚО-да ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру қолға алынды
Азаматтық қоғамның дамуы – әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді жолдарының бірі.
Тамыз айының 20-22 аралығында Семей қаласында «ШҚО ауылдық үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін арттыру жобасының» кезекті семинары өтті. Бұл жолы семинарға Катонқарағай, Көкпекті, Күршім, Ұлан, Зайсан, Глубокое және Аягөз аудандарынан делегаттар келіп, өздерінің білімдерін толықтырды. Семинар қатысушылары ретінде бастамашыл топтар мен үкіметтік емес ұйым мүшелері шақырылды.
Семинар барысында халықаралық квалификациясы бар тәжірибелі тренерлер қатысушыларға азаматтық қоғам, әлеуметтік жоба, жоба бюджеті тақырыптарын түсіндірді. Сондай-ақ, жоба жазу, оның бюджетін құрау және жүзеге асыру дағдыларын арттыруға арналған практикалық жұмыс жүргізілді.
Үш күн интенсивті тренингтен өткен қатысушылар ұйымдастырушылар мен тренерлерге алғысын білдіріп, алда болатын шағын гранттар байқауына міндетті түрде қатысатындарын айтты. Естеріңізге сала кетсек, жобаға қатысқан 15 ауданның өкілдері қыркүйек айында 500 000 теңгеден 10 грант бөлінетін байқауға өз жобаларын ұсынуы қажет.
Жоба «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ гранты аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен жүзеге асуда.
#qogamgov #cisc2020 #salauat_semey