Елімізде татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі – Елбасы
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Тарихи тұлға тағылымы» атты мақаласы «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланды. Бұл - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи тұлғасын бүгінгі жастарымызға үлгі-өнеге етіп көрсететін тағылымы мол мақала.
Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Қазақстан мемлекеттілігінің қалыптасып, дамуы мен нығаюына қосқан айрықша үлесін атап, тарихи тұлғасын ашып көрсетеді. Әлемнің қазіргі тарихындағы кемеңгер тұлға, мемлекетіміздің тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Тәуелсіз Қазақстанның негізін салушы көшбасшылық, қайраткерлік тұлғасына жан-жақты тоқталып, өскелең ұрпақты тарихи тұлғаның тағылымы арқылы тәрбиелеу керегін баса айтады.
Қазақстанның ұлттық мүддесін сыналап енгізе білген Елбасы осы бір отыз жылдың ішінде жас мемлекетті әлемнің дамыған 30 елінің қатарына қосу мақсатымен көш бастағаны, еліміз қоғамдық құрылыстар ауысқан алмағайып кезеңде кемеңгер басшысын таба білгені өте орынды айтылған.
Елбасының бастамасымен тәуелсіздік жылдарында экономикалық, саяси, әлеуметтік реформалар жүзеге асырылғаны айтылады. Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиялық бастамалары, болашақты болжай білетін көрегенділігі, сарабдал саясаткерлігі арқасында көпұлтты мемлекетіміз дамудың даңғыл жолына түскені мақалада байыпты сараланған.
Сондай-ақ мақалада Нұрсұлтан Әбішұлын жаһандық саясатта танымал еткен ең алғашқы қадамдардың бірі – Семей ядролық сынақ алаңын жабу туралы Жарлығы болғанын Мемлекет басшысы ерекше атап көрсетеді. Елбасының жер-жаһанға мемлекеттің бейбіт және ядролық қарусыз саясатын паш еткені, Елімізді бірлік пен қоғамдық келісімінің бірегей үлгісін көрсетуі деп білеміз. Жаһандағы жойқын қаруды таратпау жолындағы жүйелі жұмыстары, адамзаттың бас ауруына айналған Арал проблемасын жөнге келтіргені мысалдармен дәлелденіп айтылады.
Елбасы Н.Назарбаевтың бастамасымен Қазақстанды дамытудың 2030 жылға дейінгі жоспары жасалғаны, 2012 жылы еліміздің жаңа «Қазақстан-2050» стратегиясы қабылданғаны, еліміздің алдына әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылу міндеті қойылғанын саралап береді.
Елбасының дүниежүзіне танылған әлеуметтік жауапты, экономикалық қуатты, демократиялық дамыған беделді мемлекет құрудағы жасампаздық еңбегінің тарихи көрсеткіші екенін айрықша атап береді.
Елімізде татулық пен тұрақтылықтың басты кепілі – Елбасы. Тәуелсіз Қазақстанның қарыштап дамуы Елбасының ерен еңбегі мен ерекше көрегенділігінің нәтижесі.
Картаева Айжан Маратбекқызы
филология ғылымдарының докторы,
С.Аманжолов атындағы ШҚМ профессоры