KZ
Өскемен
снег жел 5 м/с, В
522.38 612.6 6.54

Қазақстанда қару иелеріне бақылау күшейеді

Бүгін, 17:00 37 Төлеуғазы Жансая

Қазақстанда қару айналымы саласындағы тәртіпті нығайту бойынша маңызды қадам жасалды. Мәжіліс жекеменшік күзет ұйымдары мен атыс қаруын сақтайтын азаматтарға қатысты мемлекеттік бақылауды арттыруды көздейтін «Күзет қызметі туралы» заңға түзетулерді екінші оқылымда мақұлдады. Құжат Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында депутаттардың бастамасымен әзірленген, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.

– Жаңартылған заң нормалары қару иелерінің жауапкершілігін күшейтіп, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған. Ең алдымен, азаматтық және қызметтік ойық ұңғылы қаруы бар тұлғалар қаруын тексеру атысына уақтылы тапсыруға міндетті. Егер бұл талап орындалмаса, Ішкі істер министрлігі олардың бірінші және екінші санаттағы рұқсаттарының күшін уақытша тоқтата алады. Бұл шешім қарудың техникалық жағдайын бақылауды жүйелеуге және қауіпсіздік қатерлерінің алдын алуға мүмкіндік береді,– делінген Мәжілістің ресми хабарламасында.

Күзет қызметімен айналысатын заңды тұлғалар үшін де жаңа міндеттемелер енгізілді. Мәселен, қару ұстайтын ұйым өз қызметін тоқтатқан жағдайда он жұмыс күні ішінде қару мен оқ-дәрілерді ішкі істер органдарына өткізуге тиіс. Бұл талап қару айналымының бақылаусыз қалмауына бағытталған.

Сонымен бірге, күзет қызметін көрсетушілерге есептілік тәртібі күшейеді. Енді олар уәкілетті органға қызметті тоқтата тұру, қайта бастау немесе өзгерістер туралы бес жұмыс күні ішінде хабарлауға міндетті. Сондай-ақ, жеке күзет ұйымдарының филиалдары мен өкілдіктерінің басшылары, қарапайым күзетшілер үшін бірыңғай біліктілік талаптары бекітіледі. Бұл саладағы кадрлық тәртіп пен кәсібилікті арттыру көзделген.

Заңда алғаш рет «Әскерилендірілген теміржол күзеті» түсінігі енгізілді. Бұл құрылым акцияларының бақылау пакеті ұлттық басқарушы холдингке немесе Ұлттық теміржол компаниясына тиесілі ұйымдарда құрылады. Оның негізгі міндеті – транзиттік теміржол бағыттарында жүк пен мүлікті үздіксіз қорғауды қамтамасыз ету.

Түзетулердің тағы бір маңызды бөлігі — құқық қорғау органдарының қарауындағы қару негізінде Мемлекеттік оқ-гильза қорын құру мәселесіне қатысты мемлекеттік бақылау талаптарын нақтылау. Бұл қылмыстарды ашу кезінде баллистикалық сараптаманың сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Жалпы, қабылданған түзетулер қару айналымын бақылауды айтарлықтай жүйелендіріп, күзет қызметінің жұмысын біріздендіруге, ал ең бастысы — азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған.

Дереккөз: t.me/mazhilis_kz

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу