Белгілі сиқыршы, иллюзионист Камал Қоңқараев дүниеден өтті
![](/kz/uploads/posts/iblock/15b/15bb5850bb8aa2f2498dde90eafeab14.jpeg)
Әуесқой болса да, талайды тамсандырып үлгерген иллюзионист Ғабдыл-Камал Қоңқараевтың кенеттен жүрегі тоқтап, дүниеден өткені туралы хабар жетті. Қаралы хабарды жақындары да растап отыр.
Айта кетейік, сиқыршы Қытай Халық Республикасында 1957 жылы дүниеге келіп, кейіннен Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданына қоныс аударып, сонда өсті. Ол туралы республикалық басылымдардың біріне берген сұхбатында өнер иесі былай деген:
"Артынан гастрольдік сапармен 12 күн бойы маңайдағы кішігірім ауыл-аймақтың бәрін аралап, өнерімді көрсеттім. Жалпы, ауылға концерт қоюға барғанда ақша табу үшін емес, халықты риза қылуды ойлау керек. Сөйтіп, мен өнерімді көрсетіп қана қоймай, елдің батасын алып келдім. Мен Қытайда туғанмен, Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданында өстім. Сол жерде ат жалын тартып мініп, азамат болдым. Сондықтын ел-жұртымның разылығы үшін концерт бергім келген. Сол арманым орындалды".
Ерекше өнер иесі болған Камал Қоңқараев аудандық мектепте сурет және еңбек пәнінің мұғалімі болып қызмет те атқарған. Кейін 1990 жылдары Алматыға қоныс аударған соң 7 жылдай әртүрлі жұмыстарды істеп, елімізде кенжелеу дамыған өнердің түрі – сиқырды қолға алған. Осылайша сиқыр өнерін 40 жасында бастаған болатын.
"Ертең (01.07.2020 ж) Күршімге келуі керек болатын. Тағы да "Күршім өзеніне 1 ай суға түсем" деп еді. Жылда осы уақытта ауылға келіп, Күршім өзеніне 1 ай түсіп, шынығып қайтады. Концерттің жазюасын флешкаға жазып қоюымды өтініп, ертең хабарласмын деді. Ертеңінде звондамады. Енді, міне, суық хабар туған жеріңе, өзіңнің Күршіміңе жетті! Қайырын берсін! Жаның жәннатта болсын", - деп досы, замандасы, сыныптасы Нұрғайни Мұқанова әлеуметтік желіде еске алды.
63 жасында мезгілсіз дүниеден өткен Камал Қоңқараевтың артында асыл жары, 3 баласы қалды.