Шекара іргесіндегі Шанағаты тұрғындары тұңғыш рет әкіммен кездесті (Видео)
Шығыс Қазақстанда шекара маңындағы Шанағаты ауылы аудан орталығы Марқакөлден төрт сағаттық жолда орналасқан. Ауыл тұрғындарының айтуынша, бұған дейін аймақтық деңгейдегі бір де бір басшы ауылға аяқ баспапты. Тұрғындармен кездескен өңір басшысы Ермек Көшербаев көпшілік алдында облыстың негізгі даму бағыттарына тарқата тоқталды, - деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Президент өз Жолдауында заңсыз бөлінген жерлерді мемлекетке қайтаруды тапсырғаны мәлім. Марқакөл ауданында 2025 жылдың соңына дейін 12 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылмақ. Аймақ басшысы қайтарылған жерлер ауыл тұрғындарының игілігіне пайдаланылуы керектігін алға тартты. Сонымен қатар әркімнің өз жобасын ұсынып, қажетті жер телімін тірлікке жарату үшін алуға мүмкіндігі бар екендігі де айтылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2025 жылдың соңына дейін Қазақстан халқы 100% таза ауыз сумен қамтылуы тиіс. Бұл да Үкіметтің басты міндеттерінің бірі. Шанағаты ауылында бұл мәселе биыл жазға дейін шешілмек.
Кездесу барысында экономика саласын әртараптандыру, шағын және орта бизнесті дамыту, оңтүстік өңірлерден отбасыларды көшіру мәселелері көтерілді. Тұрғындардың өтініші бойынша ауылда медициналық пункт салу және жедел жәрдем көлігін сатып алу мәселесі де қарастырылмақ.
Марқакөл мен Шанағаты арасындағы 25 шақырым жолдың жөндеу жұмыстары өзекті мәселе ретінде көтерілді. Мамандар айтуынша, жөндеу жүргізуге 300 миллион теңге қажет. Сонымен қатар, өткен қыста ауыл байланыссыз, оқшау қалғаны да айтылды.
Облыстық көлік және автомобиль жолдары басқармасына жолдың техникалық сараптамасын жүргізу, ал экономика басқармасына бюджеттен қаражат қарастыру тапсырылды.
Шекара маңындағы бұл ауылда алдағы уақытта комьюнити-орталық ашу да жоспарланып отыр. Тұрғындар кешкі уақытта шахмат, дойбы, басқа да үстел ойындарымен айналысатын орындар болады. Сонымен қатар компьютерлер де орнатылмақ. Тірлігі қайнап жатқан ел іргесіндегі ауыл тынысы тұрмысқа қажетті игіліктерден ажыратылып қалмауы назарда.
Шекара маңындағы ауылдар тек елді мекен ғана емес, стратегиялық маңызды аймақ болып саналады. Олардың дамуы – мемлекеттік қауіпсіздікті, әлеуметтік тұрақтылықты және экономикалық өркендеуді қамтамасыз етеді.
Айта кетерлігі, шекаралық аймақтардың өркендеуі – халықтың елді мекендерде тұрақтауына, көші-қонның азаюына және өңірдің транзиттік мүмкіндіктерін арттыруға ықпал ететін негізгі факторлардың бірі.