Өскеменде ауқымды дезинфекция жұмыстары күшейтілді (Фоторепортаж)
Өскеменде ауқымды дезинфекция жұмыстары қайтадан күшейтілді. Мәселен, орталық базар, автобустар мен автопарк ғимараттары толықтай арнайы қоспамен жуылып жатыр.
Коронавирустың алдын алу мақсатында Өскемендегі қоғамдық көліктер дезинфекция жұмыстарын жалғастыруда. Осыған сәйкес, жүргізушілер автобустарды күніне екі мәрте тазалап отыруға міндетті. Бактерияларды өлтіру үшін құрамында хлоры бар таблеткалары қолданылады.
- Біздің автопарктегі күніне жолаушыларды тасымалдауға шығатын 75 автобус таңғы сағат 5.00-ден бастап желіге шығар алдында және кешке 19.00-ден бастап жуылып, дезинфекцияланады. Күндіз кондукторлар соңғы аялдама жеткенде бірден автобус ішін дезинфекциялайды. Жүргізушілер таңертең дезинфекциялық ерітіндіден алады. Арнайы қолғап, сүртуге арналған орамалдар бар, - дейді Өскемендегі жолаушыларды тасымалдаушы компания бірі «Vosca» ЖШС директоры Қанат Қалелов.
Автопарк директорының айтуынша, тазалау жұмыстары автобустардың тасымалы мен уақыт айырмасына кедергі келтірмейді. Ал залалсыздандыру жұмыстарын компания мамандары өздері жүргізеді.
- Дезинфекция жұмыстарын жасамай, желіге автобустарды жібермейді. Оның барлығы арнайы журналға тіркеліп, жазылады. Негізі төтенше жағдайға дейін де залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін, бірақ мұндай масштабта бұрын соңғы жүргізілген емес, - деп мойындайды жолаушыларды тасымалдаушы компания директоры Қанат Қалелов.
Екінші біз барған нысан - адам қарасы көп жүретін "Орталық базар". Мұнда күніне 3 рет дезинфекциялау жұмыстары жүргізіліп, бірер уақытқа нысанның жұмысын тоқтатып қояды екен.
"Орталық базар" санитарлық дәрігерінің айтуынша, мұндай шараға саудагерлердің де, тұтынушылардың да еті үйренген, түсіністікпен қарайды.
- Дезинфекция жұмысы күнде сағат 9.00-ден 10.00-ге дейін, 14.00-ден 15,00 ге дейін және 18.00 ден кейін жасалады. Арнайы дезинфекция жасайтын ұйым келіп, тазалап кетеді. Әрине, жағымсыз иіс шығады, бірақ желдеткен кейін тұтынушыларды кіргіземіз, - дейді «Орталық базар» санитарлық дәрігері Надежда Гатиева .
Саудагерлердің барлығы да маска, қолғап киген. Залда карантиндік нормалардың сақталатыны бірден байқалады. Мұнда сертификаты бар санитайзер, дизтөсеніш, арнайы қоқыс жәшіктерімен қамтылған. Сондай-ақ, қолды залаласыздандыру, қорғану, бетперде тағу, ара қашықтықты сақтау сынды сақтық шараларының нұсқалары ілінген. Дегенмен тұрғындар тарапынан санитарлық талаптарды сақтамайтындар көп дейді.
- Барлығы бірдей маска киеді дей алмаймын, ал талап қойсақ, бізді жау көріп, тыңдағысы келмейді. Бірақ кейбір тұрғындар құлақ асып жатады, - дейді Надежда Гатиева.