«Қорқынышты». Қатты дауыл әп-сәтте Аягөздің быт-шытын шығарды
ШҚО-ның Аягөз қаласында «апокалипсис». Қатты дауыл тұрып, құйын жүріп өтті. Бұл туралы тұрғындар әлеуметтік желіде хабарлап жатыр.
Олар бейнебаяндар таратып, ұйтқи соққан желдің қаттылығы сонша, кейбір үйлердің шатырын көтеріп, ағаштарды тамырымен жұлып кеткенін айтады.
Қаладағы сауда үйлері мен дәмхана, банк, мемлекеттік мекеме, мейрамхана, әскери үйлер мен көпқабатты тұрғын үйлердің шатыры ұшып кеткен.
Тіпті ауыр жүк көлігінің өзін тербелтіп жіберген. 40 мыңнан астам халқы бар қалада қазір электр қуаты жоқ.
Әлеуметтік желі қолданушылардың бірі «Мынандай кошмар болып жатыр, анау үйге обла болды, терезесі, балконы бәрі сынып жатыр» десе, енді біреуі «Құйынды қара! Шатырлар ұшып жатыр, ортасында шипрлар жүр, қорқынышты» дейді.
Желдің жылдамдығы секундына 30 метрден кем болмағанын айтуда тұрғындар. Абырой болғанда жарақат алған адамдар жоқ.
Аудандық әкімдік жағдайдың бақылауда екенін, шығындар есептеліп жатқанын жеткізді.
- Апат айтып келмейді. Тосыннан болған дауылдан бәріміз де тосырқап қалдық. Десе де, "сабыр түбі сары алтын" екендігін ұмыт қалдырмайық. Қаланы қалпына келтіру үшін жұмыстар жүргізілуде. Бастысы сын сәтте сергелдеңге түспей, байсалдылық танытайық, - дейді Аягөз ауданының әкімі Ділдәбек Оразбаев.