«Үржар ханшайымы» мен «Алтын адам» келе жатыр»...
![](/kz/uploads/posts/iblock/dc1/dc19ba570c6814dc7c8c351709468d2e.jpg)
Үржар ауданы Қабанбай батыр ауылындағы жылдар бойы бос жатқан Мәдениет үйі былтырдан бері ірі туристік музей кешеніне айналған еді. Енді музейдің биылғы маусымға дайындығы қандай? Туристерді несімен таңғалдыра алады?
Аймақ басшысы Даниал Ахметов осыдан екі жыл музейдің құрылысы жүріп жатқанда «Алакөл демалыс аймағына өңірден ғана емес, республикадан, шет елден туристер келеді. Демалушылар бұл жерге кешке асықпай келіп, тамашалау үшін мұражайдың іші-сырты көрікті, экспонаттарға бай болуы тиіс. Шетелдіктер тарихымыз туралы дәлелді заттарды көріп, бізді мәдениетіміз арқылы танитын болады» деген болатын. Облыс әкімінің бұл сөзі әлі де өзегін жоғалтқан жоқ.
Аумағы 300 шаршы метрді құрайтын туристік музей қазір "EXPO-2017" көрме кешенінен кем емес.
Мұнда бағзы заманнан бергі қазақ тарихы мен өлке тарихынан сыр шертетін 3 мыңға жуық жәдігерлер, 3D голограмма және сенсорлы-ақпараттық экрандар мен сөрелер бар.
Атақты қалпына келтіруші, ҚР Көркемөнер академиясының академигі Қырым Алтынбаев жасаған "Алтын адамның" көшірмесі мен б.з.д. IV-III ғасырға тиесілі «Үржар ханшайымы» жылда экспонатқа қойылады. Алайда қазір олар мұнда жоқ. Ат терлетіп, облыс орталығынан келе жатқан көрінеді.
- «Алтай – түркі әлемінің бесігі» конференциясына басты жәдігерлерді алып кеткен. Енді, міне, қайта мұражайға келе жатыр. Сосын жаз маусымы біткенше музейде болады. Әсіресе, «Үржар ханшайымы экспонаты туристерді баурап алады. Соған баланысты біз де ерекшеліктерді ойластырып жатырмыз. Туристерге тосын сый болсын әзірге айта алмаймыз. «Арық айтып, семіз шық» дейді ғой. Қазір дайындық үстіндеміз, - дейді музей қызметкері Аманжол Асқарбекұлы.
Қазір музейде 7 экспозициялық зал бар. Олар: «Үржар ханшайымы залы, «Археология», «Шығыс Қазақстан облысының қасиетті жерлері», «Көшпенді халықтар мәдениеті залы, «Этнография», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі» және «Табиғат» залы.
Енді Үржар ауданында шомылу баусымы басталып, Алакөл жағалауына туристер ағыны келе бастаса, демалушылар музейде түрлі мазмұндағы коллекциялар, минерология, палеонтология, ботаника, зоология, археология, сәндік қолданбалы өнер салалары бойынша бірегей құнды жәдігерлерді және кітаптар мен фотоматриалдарды, зергерлік бұйымдар мен музыкалық аспаптар жиынтықтарын тамашалай алады.