Өскемен қаласындағы Ана мен бала орталығында көптен күткен балаларға арналған МРТ аппараты орнатылды. Бұл – нағыз тарихи сәт, өйткені осы уақытқа дейін өңірде балаларға арналған МРТ құрылғысы болмаған. Жаңа жабдық Шығыс Қазақстан мен көршілес Абай облыстарында тұңғыш рет іске қосылып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Жоғары технологиялық аппарат «Денсаулық сақтау саласын жаңғырту» мемлекеттік бағдарламасы аясында сатып алынды. Құны бір миллиард теңгеге жуық жабдықтың өңірге жеткізілуіне облыс әкімдігі мен Денсаулық сақтау министрлігі қолдау көрсетті.
Енді балалар тексеруден өту үшін республикалық орталықтарға немесе басқа қалаларға сабылмай, өзімізде уақытылы қарала алады. Құрылғыда жұмыс істейтін мамандарымыз арнайы оқудан өтіп, біліктіліктерін жетілдірді. Бұл аппараттың басты ерекшелігі – қуаттылығы 1,5 тесла. Ол травматологиялық, ортопедиялық, нейрохирургиялық және онкологиялық ауруларды дәл анықтауға, дұрыс диагноз қоюға, тиімді ем тағайындауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Мәскеуден келген мамандар құрылғыны іске қосу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Аппарат тәулік бойы, 24/7 режимінде жұмыс істейді. Ал оның жұмыс уақыты мен кезекке қатысты барлық ақпарат облыстық денсаулық сақтау басқармасының сайтында жарияланады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Мадина Мырзабекова.
Мамандардың айтуынша, 1,5 тесла қуаттылығымен жұмыс істейтін МРТ құрылғысы проблемалық аймақты жоғары дәлдікпен анықтап, бейнелеуге мүмкіндік береді. Осындай артықшылықтарының арқасында жоғары өрісті жабдық әртүрлі медициналық бағыттарда диагностика жасауға қолданылады.
Ана мен бала орталығының бас дәрігері Жайық Амангелдіұлының айтуынша, бұл кабинетте тек балалар ғана емес, ересектер де тексеруден өте алады.
– Бұл – Шығыс Қазақстан мен Абай облысындағы балаларға қызмет көрсететін алғашқы МРТ аппараты. Жапонияда жасалған заманауи құрылғы бір айлық нәрестеден бастап, 18 жасқа дейінгі балаларға диагностика жасауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, ересектер де бұл қызметті пайдалана алады, жасына байланысты ешқандай шектеу қойылмайды. Жүкті әйелдер мен босанған аналар үшін де өте қолайлы, – деді бас дәрігер.
Айна Ескенқызы
Фото: Нелли Петенева