KZ
Өскемен
-2°
туман жел 1 м/с, З
494.87 520.65 4.91

Сақ болыңыз. Оlx сайтында алаяқтар мынадай схемаларды қолданады

15.05.2020, 09:25 288

Интернет-алаяқтар қалт еткен сәтті оңтайлы пайдаланып жүр. Мәселен, короновирусқа байланысты  дүрбелең туғанда Оlx.kz сайты арқылы "маска сатамын" дегендер азаматтардың қаржысын алып, алдап кеткен. Сондай-ақ, "Жас Отан", тағы басқа ұйымдардың еріктілері қариялар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың үйіне азық-түлік, дәрі-дәрмек тасып жүр. Полиция қызметкерлері кейбіреулер дәл осындай "еріктілерміз" деп алаяқтыққа баруы мүмкін екендігін ескертеді. Тіпті, азаматтардың үйіне дезинфекция жасаймыз, шыға тұрыңдар деп үйді тонап, алатын заттарын алып кетіп қалған жайттар да көп екен.

- Жыл басынан бергі айларында Ертіс аудандық полиция аумағында жасалған Коlesa.kz, Оlx.kz, Вконтакте, Инстаграм және т.б. интернет сайттары арқылы 150-ге жуық алаяқтық фактісі тіркелді. Бұл өткен жылдың сәйкесінше кезеңіне қарағанда 29,8 пайызға көп. 2019 жылы 94 факті тіркелген. Дегенмен біздің қызметкерлер қылмыстың бұл түрінің 77,1 пайызын ашты. Ал өткен жылы бұл көрсеткіш 68,8 пайыз болған, - дейді Өскемен қаласы Полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімінің бастығы, полковник Нұрлан Елшібаев.

Алдаудың схемалары

Желіні жаулап алған алаяқтар жыл сайын адам алдаудың әртүрлі жолдарын, схемаларын ойлап табады. Ол - ол ма, бұрын біреудің ақшасын алдап алып, кейін тауарын бермей кететін қылмыскерлер енді тура банк картасының өзінен қаржы тартып алатын болды. Қазір интернет-банкинг дамыған заманда қаржыны бір есепшоттан екінші бір есепшотқа аудару әп-сәтте жасалатын дүние. Осы шапшаң тірлікті пайдаланатын жәдігөйлер қарапайым халықты сан соқтырып кетуде.

Полковник Нұрлан Елшібаевтың айтуынша, қаражат көбінесе Ресей Федерациясының азаматтарының есепшоттарына аударылады екен. Бұл өз кезегінде қылмысты ашуда едәуір қиындық тудырып отыр. Соған орай, оқырман біле жүрсін деп ғаламтор алаяқтарының ең көп қолданатын алдау жолдары, схемалары жайлы айта кетпекпіз. Облыстық Полиция департаментінің берген мәліметтеріне сүйенсек, айлакерлердің алаяқтық жасаудағы 4 сценариін бөліп қарауға болады:

1. Алаяқ сатушы белгілі бір көлікті әдеттегі бағасынан әлдеқайда арзан бағаға қойып, түсініктемеге түрлі себептерін жазып қояды. Ал хабарласқан адамға қазір көлікті алуға "жүздеген" адамның кезекте тұрғанын айтып, егер көлікті дәл қазір алғысы келсе, онда белгілі бір есепшотқа кепілпұл аударуын өтінеді.

2. Оlx.kz, Krisha.kz сайты арқылы пәтерлерді жалға беру мен сататындар;

3. Банктерден несиені рәсімдеуде көмек көрсету немесе Оlx.kz пен Вконтакте әлеуметтік желісінде отырып қарыз беретіндер. Көбінесе Olx.kz, Вконтакте сайтында төмен пайызға қарыз беру бойынша хабарламалар орналастырады. Қарыз алуға мүдделі тұлғаларға жеңіл әдістер және ұтымды шарттар ұсынады, келісілгеннен кейін қызмет көрсету немесе сақтандыру үшін белгілі бір ақша сомасын Qiwi әмиянға немесе банк картасының шотына аударуды сұрайды. Ақшалай қаражатты алғаннан кейін алаяқтар байланысқа шықпайды, нөмірлерді бұғаттап, сөндіріп қояды.

4. "Банктерді қолдайтын колл-орталықтан" деген желеумен қоңырау шалатындар. Яғни, қаскөйлер алдап, азаматтардың сеніміне кіре отырып, жеке деректі, банк нөмірін біліп алады. Ал есепшоттан алынған ақшаны қайтаруға банк те қауқарсыз.

"Алданып қалғанымды білмей қалдым"

Дегенмен құқық қорғау қызметкерлері дәрменсіз дей алмаймыз. Әрбір аудандық полиция бөлімінде қазіргі уақытта жедел-тергеу тобы құрылған. Бұл топ интернет арқылы жасалған қылмысты тергейді, ізін кеседі. Ертіс полиция бөлімінің бұл категориядағы барлық қылмыстық істерге жедел шара қолданып, ары қарай тергелуі үшін Полиция департаментіне жіберіледі.

- Ешкімге сенбеуді, жеке мәліметтерді, банк карталарының нөмірін, телефонға келген хаттағы құпия кодты бермеуді, интернет арқылы күмәнді келісім жасамауды сұраймыз. Алаяқтарға банк картасының нөмірінен бөлек, 3 санды "сиви" кодты білсе, жеткілікті. Осылайша қаскөйлер интернет арқылы сатылым жасайды, - дейді полковник Нұрлан Ағатанұлы.

Алайда көптеген нөмірлер ұялы байланыс орталығында тіркелмеген болып шығады. Оның үстіне алаяқтар нөмірлерді бір рет қана пайдаланады. Егер тіркелген болса, көп жағдайда абоненттік нөмірлердің иесі тіпті қылмысқа қатысы жоқ болып шығады.

- Бұл интернет-алаяқтық күн сайын үдеп бара жатыр, соның кесірінен халқымыз алданып, сан соғып қалады, - деп қосты Өскемен қаласы Ертіс полиция бөлімінің бастығы, полковник Нұрлан Елшібаев. - Мәселен, өткенде Ресейден қала тұрғына біреу хабарласып, "сен BMV Х5 көлігін ұтып алдың, рәсімдеуге тек 500 мың ақша бер, автокөлікті өзіміз жеткіземіз" деп хабарласқан. Қала тұрғын келіскен соманы жіберген. Қаскөй "шекарадан өттім, осынша сағатта аэропортта болам" деп алдап отырды. Негізі алаяқтықпен айналысатын адам өте жақсы психолог. Тіпті, кәсіби психолог деп те айтуға болады. Адаммен сөйлескен кезде адамның ойын аулап, сезімін билеп отыратын гипноздық элементтері бар. Шағымданып келген кісілер "ұқпай қалдым, маған сондай әдемілеп жеткізіп, айтқанда қалай алданып қалғанымды білмей қалдым" деп жатады.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу