KZ
Өскемен
+13°
небольшая облачность жел 1 м/с, В
513.68 583.03 6.24

Отандық орындаушылардың әндері әлеуметтік желілерге оралды

pixabay.com

16.04.2025, 10:00 108 Төлеуғазы Жансая

Қазақстандық орындаушылардың музыкасы енді қайтадан Instagram мен Facebook-та қолжетімді. Бұл жаңалықты 14 сәуір күні Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің төрағасы Шолпан Әбдреева жариялады, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі. 

Бұған дейін әлеуметтік желілерде отандық музыканың бұғатталуы қолданушылар мен авторлар тарапынан үлкен наразылық тудырған болатын. Әсіресе Instagram қазіргі таңда көптеген шығармашыл жандар үшін өз өнерін танытып, ұлттық мәдениетті дәріптейтін маңызды алаңға айналған еді.

Шолпан Әбдреева атап өткендей, музыканы әлеуметтік желілерде пайдалану заң бойынша тек авторлар мен құқық иелерінің келісімімен ғана мүмкін. Алайда бұғаттауға қатысты мәселе шешімін тапты – Әділет министрлігінің, «ҚазАҚ» қоғамдық бірлестігінің және Meta компаниясының бірлескен жұмысы нәтижесінде арнайы келісімге қол қойылып, қазақстандық әндерді Instagram және Facebook желілерінде еркін қолдануға рұқсат берілді.

– Бұл — отандық контент өндірушілерге жасалған қолдау ғана емес, қазақстандық музыканы халықаралық деңгейде ілгерілетудің тағы бір сәтті қадамы, – деді комитет төрағасы.

Енді пайдаланушылар өз контенттерінде сүйікті отандық әндерді кедергісіз пайдалана алады. Бұл – көбірек контент, көбірек шығармашылық еркіндік және әлемге қазақ музыкасын танытудың тағы бір мүмкіндігі.

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу