«Оқушылардың қауіпсіздігі мен жайлылығы – басты назарда» – ШҚО әкімі (видео)
Ұлан ауданына қарасты Қасым Қайсенов кенті күн санап өсіп келеді. Тұрғындар санының ұлғаюына байланысты әлеуметтік инфрақұрылымға, соның ішінде білім беру мекемелеріне деген сұраныс та артып отыр, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Қазіргі таңда кенттегі мектептер шектен тыс жүктемемен жұмыс істеп жатыр – оқушылар саны жоспарланған межеден екі есеге артып, білім ордалары қос ауысымда сабақ өткізуге мәжбүр. Осы ретте Қасым Қайсенов кентіндегі орта мектепке барған Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағановқа қалыптасқан жағдай баяндалып, өзекті мәселелерді шешудің бірнеше жолы ұсынылды.
Аймақ басшысы оқу кабинеттерін аралап, мұғалімдермен және оқушылармен тілдесті. Кездесуде мектептің тек шамадан тыс жүктемесі ғана емес, ғимараттың техникалық жай-күйі де сөз болды. Мектептің бір бөлігінде шөгу байқалған. Белгілі болғандай, құрылыс кезінде топырақтың ерекшеліктері ескерілмеген: көктемгі еріген қар сулары іргетастың астына жиналып, уақыт өте келе нысанға зақым келтірген.
Қазіргі таңда Қасым Қайсенов кентінде 600 орындық жаңа мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Бұл бастама қолданыстағы мектептердегі жүктемені азайтып, балалардың бір ауысымда білім алуына мүмкіндік бермек.
Облыс әкімі халық саны қарқынды артып келе жатқан елді мекендерге жүйелі көзқарас қажет екенін атап өтті. Әлеуметтік нысандарды салу ұзаққа созылған құрылысқа айналмауға тиіс. Инфрақұрылымды дамыту нақты өсім қарқынын ескере отырып, алдын ала әрі мұқият жоспарлануы қажет.
Фото: Махаббат Ахметжанова















