Темірдей тәртіп пен табандылық: Теміржол жөндеушінің бір күні (видео)
Өскемен-1 жол дистанциясы сегізінші айналымының жол жөндеу шебері Берік Жұмабекұлы– теміржол саласында 2006 жылдан бері үздіксіз еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі маман. Ол – мыңдаған адамның күнделікті қауіпсіз қатынауына үлес қосып жүрген қарапайым, бірақ өте маңызды мамандық иесі, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Теміржол – жай ғана қатынас құралы емес, ол – қауіпсіздікті талап ететін ерекше аймақ. Мұнда әрбір секунд, әрбір ереже маңызды. Берік Жұмабекұлы сияқты теміржол жөндеушілері күн сайын осы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін аянбай еңбек етеді. Оның күнделікті міндеті – теміржол жолдарының жарамдылығын, бүтіндігін тексеру, жөндеу және қауіпсіздігін сақтау.
Оның айтуынша, әр шебер белгілі бір учаскені қарайды. Күніне бес шақырымға дейінгі жолды тексеріп, қажет болған жағдайда жөндеу жұмыстарын жүргізеді.
Теміржолда жүріп-тұрудың өзіндік тәуекелдері бар. Қырағылық пен тәртіптілік бірінші орында тұруы тиіс.
Расында да, теміржол қауіпсіздігіне байланысты елімізде жыл сайын ондаған қайғылы оқиғалар тіркеліп жатады. Мысалы, 2023 жылы Қазақстанда теміржол өткелдерінде болған 45 оқиғаның 70%-ы жаяу жүргіншілердің ережені сақтамауы салдарынан болған. Бұл – теміржол қызметкерлерінің күн сайын қандай қауіппен бетпе-бет келетінін көрсетеді.
Берік Жұмабекұлы – үлкен отбасының тірегі. Үш баланың әкесі, төрт немеренің атасы.
Бұл қарапайым ғана әңгіменің астарында темірдей төзімділік, адал еңбек, елге деген жанашырлық жатыр. Осындай азаматтардың арқасында теміржол бойымен пойыздар жүйткіп, мыңдаған адам діттеген жеріне аман-есен жетіп жүр.
Мемлекет басшысы 2025 жылды Жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялағаны белгілі. Ал Шығыс Қазақстан облысы – еліміздің көлік-логистикалық жүйесінде маңызды орын алатын өңір. 2025 жылғы қаңтар-наурыз айларында облыста жолаушылар айналымы 8,4%-ға өскен. Бұл көрсеткіш өңірдегі көлік қызметтеріне деген сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, облыстағы теміржол желісінің тығыздығы жоғары, бұл өңірдің көлік инфрақұрылымының дамуына ықпал етеді. Сол себепті біздің өңірде Берік Жұмабекұлы сынды жұмысына ұқыпты, өз ісіне адал теміржол жөндеуші мамандарға әрқашан да сұраныс жоғары.
Қазақстан темір жолы мамандары мен жол жөндеушілері – күнделікті қауіптің ортасында жүріп, қоғамның тыныштығына қызмет ететін нағыз еңбек ерлері. Олардың еңбегі мен ескертуі – әрқайсымыздың амандығымыз үшін маңызды.
Фото/видео: Жәнібек Ырысбай