Суретші, фотограф, журналист Мерей Қайнарұлымен онлайн-кездесу
16 сәуір күні сағат 19.00-де облыстық «Дидар» газетінің журналисі, суретші, фотограф Мерей Қайнарұлымен Фейсбук әлеуметтік желісінде онлайн-кездесу өтеді, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
– Азды-көпті шығармашылығым туралы әңгімелеймін. Суретшілік, журналистика, фотоөнер... Суретшіліктен журналистикаға қалай келгенім туралы айтамын. Ұйымдастырылған фотоэкспедициялар жөнінде баяндаймын. Сұрақтарыңыз болса, оған да жауап беремін, – деп жазды өнер иесінің өзі.
Мерей Қайнарұлы Катонқарағай ауданының тумасы. Шыңғыстайдың тұмса табиғаты шығармашылыққа жетелеген екен. Бала кезінен сурет салумен, кейінірек фотоөнермен әустенген. Балғын арманы жетелеп, Шәкәрім атындағы Семей мемлекттік университетіне оқуға түсіп, «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы меңгереді. Одан кейін журналистика саласына бет бұрып, қызмет жолын аудандық газеттен бастап, облыстың бас басылымына дейінгі баспалдақтардан өткен.
Облыстық Пушкин атындағы кітапхананың мамандары өнер иесімен онлай-кездесу өткізбек. Қалам мен қылқаламын тастамайтын азаматтың айтарын тыңдау үшін Фейсбук әлеуметтік желісіндегі жеке парақшасына жазылу жеткілікті.