"Уақыт бердік". Өскеменде ереже бұзғандарға айыппұл салынады
Бүгіннен бастап Өскеменде төтенше жағдай ережесін бұзғандарға полиция айыппұл салады. Полиция басқармасы басшысының айтуынша, бұған дейін түсіндіру жүргізіліп, ескертулер ғана айтылып келген.
– Төтенше жағдай ережесін түсіну үшін тұрғындарға уақыт бердік. Тәртіп сақшылары ендігәрі ереже бұзғандарға хаттама жазады. Көшелерде ғана емес, бұған дейін анықталған балалар, ата-аналар және зейнеткерлер көп жүретін аулаларда патруль болады. Кешкісін спиртті ішімдік ішкендер ұсталады, – деді басқарма басшысы Дәуір Ибраев.
Ережеге қайшы келгендер Әкімшілік кодекстің 476-бабы бойынша жазаланады. «Жаза шараларының ішінде ескерту, 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу және 15 тәулікке қамау бар. Жазаны сот тағайындайды».