ШҚО-да оқушыларды қолдау орталықтары ашылады
Шығыс Қазақстанда оқушыларға психологиялық қолдау көрсетіп, олардың жан-жақты дамуына көмектесетін комьюнити орталықтары ашылады. Бұл бастама балалар мен ата-аналарды қолдау мақсатында қолға алынбақ, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі.
Облыс әкімі Ермек Көшербаев жиын барысында мектептегі тәрбие жүйесін түбегейлі өзгерту қажеттігін айтты.
Аймақ басшысы мектеп психологтары мен мұғалімдердің рөлін күшейтуді тапсырды. Оның айтуынша, мектеп психологтары оқушылардың алдына келуін күтпеуге тиіс. Керісінше, әр мұғалім бала жанын түсініп, оған жанашырлықпен қарауы керек.
Комьюнити орталықтары қалай жұмыс істейді?
Жаңа орталықтарда балалар өз мәселелерін еркін айтып, кәсіби мамандардан көмек ала алады. Бұл жерде оқушылар ғана емес, ата-аналар да кеңес алу мүмкіндігіне ие болады.
Комьюнити орталықтарының негізгі бағыттары:
–Психологтар, әлеуметтік педагогтар, тәлімгерлер жұмыс істейді;
–Ата-аналарға арналған тренингтер, дәрістер, жеке консультациялар өткізіледі;
–Оқушыларға психологиялық тренингтер, арт-терапия, шығармашылық және спорттық сабақтар ұйымдастырылады.
Мәселен, Құлынжон ауылында ашылған алғашқы комьюнити орталығы – осы бастаманың сәтті үлгісі. Онда психологтар оқушылармен ғана емес, ата-аналармен де тығыз байланыс орнатқан.
Мамандардың айтуынша, бүгінде балалардың психологиялық қиындықтарға ұшырауына бірнеше фактор әсер етеді:
–Интернеттегі қауіпті челлендждер мен негативті контент;
–Әлеуметтік желілерде депрессия тақырыбының кеңінен таралуы;
–Қарым-қатынастың аздығы, отбасындағы түсініспеушілік.
Облыстағы бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аксана Каленова бұл бастаманың маңыздылығын атап өтті.
Комьюнити орталықтарын құру – бүгінгі күннің қажеттілігі. Бұл орталықтар мектептегі тәрбиенің жаңа моделін қалыптастырып, балалардың өзін қауіпсіз әрі сенімді сезінуіне көмектеседі.
Фото: Нелли Петенева