Сыртынан қарап жаңа деп айта алмас едіңіз. Өскемендегі сапасыз құрылыс (ВИДЕО)
Өскемендегі «Уәлиев көшесі, 9/3» мекенжайының тұрғындары жаңа үйлерінің сапасыздығына шағымданды, деп хабарлайды алтайньюс тілшісі.
Үйдің қабырғалары бесіншіден төмен бірінші қабатқа дейін дымданған. Аула маңындағы «қыс бойы ашық жатқан» құдықтардың бірнешеуінің қақпағын «осыдан бір күн бұрын ғана жапқан». Әлі де үшеуі ашық тұр. Үй маңындағы жолға асфальт төселмеген. «Қыс бойы қар күрелмеген». Тұрғындардың сөзінше, көктем мен күзгі батпақта балалар «500 метрдей жердегі мектепке жаяу жете алмайды».
Шатыр шұрық-тесік. «Ішіне боранды күні қар үйіледі». Ауа райы сәл жылынса, Гүлсім Қожахметованың мансарда, яғни бесінші қабаттағы пәтеріне «еріген қар суы сорғалайды».
– Бұл үйді сырттай қарап жаңа деп айта алмас едіңіз. Терезенің әйнегі аязда шытынап кетті. Әу бастағы жылыту батареясынан су тамшылап тоқтамаған соң, ауыстырдық. Жатын бөлменің іргесіне дейін сорғалаған судан сарғайып кетті. Қабырғаның жапсарлары ашылып барады, – дейді ол.
Бесінші қабаттағы дәл шам мен «электрощиттің» төбесінен де су аққан. Ал еденге ешқандай кафель төселмеген. Тұрғындар цемент еденнің жууға «мүлде» келмейтінін айтады. «Еденді сыпырса, шаң бұрқырайды. Бұл бала-шағаға зиян».
– Үйдің сол жақ қанаты, яғни төртінші подъезд отырып кетті. Сондықтан жертөлеге жаңбырлы маусымда су құйылады. Ол жаз бойы кеппейді, су тізеден толып жатады. Қыстың ортасында да батпақ болып жатыр, міне. Жазда бұл жерге шыбын-шіркей, құрт-құмырсқа қаптайды, – деді тұрғын Ермұхаммед Мәнтешұлы. Оның айтуынша, үй құрылысы кезінде қалған қоқсық 2015 жылдан бері жертөледе шығарылмай жатыр.
Бекітілген «КСК-ның» да «мүлде жұмыс істемейтінін» айтқан тұрғындар үй ауласына плакат іліп, қодарына фотосуреттер ұстап шықты. Аулаға ілінген плакатта «Қыс бойы қар күрелмеді», «КСК, бізден кет!», «Үй сапасыз салынған» деген жазулар бар.
– Төрт жылдан бері осы үйдің мәселесімен жүрміз. Айта берсек, мәселе көп. Құрылыс бөліміне бірнеше хат жаздық. Олар кемшіліктерді 2018 жылдың 15 шілдесінде жөндеп беретіні жайында жазбаша жауап берді. Алайда аталған мерзімдері өткелі екі жыл болды, – дейді үй тұрғыны Айдын Жақсыбаев.
Тұрғындар шуы қала әкімдігінің құлағына да жетті. Мекенжайға шаһар басшысының орынбасары Тамара Рахимжанова келді.
– Бұл үйдің құрылысы талапқа сай келмесе де, құжаты заңсыз қабылданған. Тұрғындар еденіне сырлы тас төселмегенін, шатырының жиегі ашық тұрғанын және тағы да басқа мәселелер барын айтып құрылыс бөліміне шағымданған. Құрылыс бөлімі осы үйді салған «Стройэлитритэлити» жауапкершілігі шектеулі серіктестігіне кем-кетікті реттеуді ескерткен. Алайда мердігер мекеме міндетін орындамады. Тұрғындарға берілген үш жылдық гарантия мерзімі өтіп кетті. Енді бұл іс тек сот арқылы шешіледі. Бүгін құрылыс мекемесінің өкілі, «КСК» жетекшісі және тұрғындардың қатысуымен жиналыс өткіземіз, – деді Тамара Рахимжанова.
Оқиға орынында болған «КСК» жетекшісі Ринат Нысанов «тұрғындардың өзіне қарыз» екенін айтты. Ол «жұмысымды дұрыс орындамағанымды сотта дәлелдеңіздер» деді. Тұрғындар «КСК» мәселесі үшін де сотқа жүгінетінін айтты.
Айта кетейік, Өскемендегі «КШТ» ықшамауданында кейінгі бес жылда жаңа үй құрылыстары қарқынды жүргізілуде. Қала әкімдігінің баспасөз хатшысының мәліметінше, 2019 жылы 26 көпқабатты үй пайдалануға берілген. Биыл 13 үйге тұрғындар енеді деп жоспарланған.