KZ
Өскемен
-23°
плотный туман Штиль
521.6 534.27 5.25

Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана пайдалануға беріледі

29.01.2020, 13:43 112

Биыл Өскеменнің іргесіндегі Қасым Қайсенов кентінде жаңа емхана пайдалануға берілмек. Бұған қоса Ұлан ауданының орталығында көпқабатты үш тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Елді мекендегі мектепті кеңейту жұмыстары да қолға алынбақ. Ұландықтарды толғандырған осы және басқа да мәселелер аудан әкімі Нұрымбет Сақтағановтың халық алдындағы есеп беру кездесуінде сөз болды. Жиынға аудан жұртшылығымен бірге облыс әкімі Даниал Ахметов те қатысты.

Жерлестері алдында баяндама жасаған аудан басшысы Н.Сақтағанов 2019 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы жоспарлармен бөлісті. Оның айтуынша, өткен жыл Ұлан ауданы үшін айтулы оқиғаларға толы болды. Өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелері жаңа форматта шешіле бастады. Аудан халқы жерлес батыр Трофим Клименконың 100 жылдық мерейтойын лайықты деңгейде атап өтті. Экономика саласында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер аз емес.

– 2019 жылы Ұлан ауданының жергілікті атқарушы органдарына тұрғындар атынан 2 086 өтініш келіп түскен. 2018 жылы бұл көрсеткіш 1 741 өтінішке тең болған. Сол өтініштердің 2 057-сі, яғни 98,6 пайызы қанағаттандырылды. Осы ретте бір жыл ішінде өтініштердің бірден 20 пайызға артуын «Ұлан – адалдық алаңы» жобасы аясында жеке қабылдауларды көптеп өткізумен және әлеуметтік желідегі белсенді жұмыс жүргізумен түсіндіруге болар. Ауданда «Нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы бойынша 14 адам 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грант иегері атанды, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша 68 адам білім алды, 170 адам 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде грантқа ие болды. 2020 жылғы 1 қаңтардағы жағдайға сәйкес, ауданда жұмыссыздар есебінде тұрған 186 адам бар. 2019 жылы 1 904 адам жұмыспен қамтылды. Өңірде әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға және ауданның аз қамтылған отбасыларын қолдауға бөлінген бюджеттік қаражаттың көлемі 2,8 есеге өсіп, 418,9 миллион теңгені құрады, – деген Н.Сақтағанов атаулы әлеуметтік көмек 559 отбасына тағайындалғанын, 2019 жылы бұл көмектің көлемі 303,9 миллион теңгені құраса, биыл 416,2 миллион теңгеге жететінін атап өтті.

Бір жыл ішінде Ұлан ауданы көлемінде орын алған оң өзгерістер жайында жиында сөз алған тұрғындар да сөз саптады. Мәселен, тоғыз баланың анасы Алма Бектаева көп жыл бойы күткен тұрғын үйге қол жеткізгенін айтып, аудан және облыс басшылығына алғысын білдірді. Ал информатика пәнінің мұғалімі Ардақ Ахметалина облыста жүзеге асырылып жатқан тілдерді оқытудың жаңа бағдарламасы арқасында бір жарым жылда Шекспир тілін меңгергенін мақтана айтып, аймақ басшысына рахметін ағылшынша жеткізді. Мінберге көтерілген Рәшідбек Мұхамеджанов ақсақал болса, ауданда атқарылып жатқан жұмыстарға жерлестері дән риза екенін айтып, облыс басшылығына ақ батасын берді.

 

Біздің Instagram парақшамызға жазылыңыз

Жаңалықтарды ең бірінші болып оқыңыз

жазылу