Абай жылы ресми түрде ашылды

Қазір елордадағы «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында қазақ халқының ұлы ақыны, ойшыл-кемеңгері Абай Құнанбайұлының 175 жылдығының салтанатты ашылу рәсімі өтіп жатыр, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Салтанатты кешке ҚР Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып отыр.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 30 мамырында арнайы жарлық шығарып, ел Үкіметіне тапсырма берді. Жарлықта 2020 жылы қазақ халқының ұлы ақыны, ағартушысы Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссия құрудан басталатын ауқымды жұмыстарға нұсқау берілді.
Ал, 2020 жылдың 9 қаңтарында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың "Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан" атты мақаласы жарияланды. Мемлекет басшысы "халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кеткенін, мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отырғанын" айтып, тарихи мерзімнің маңыздылығын атап өткен болатын.
– Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ой-өрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек, - деді Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаев.