Өскеменнің 19-шы шағын ауданы абаттандырылады
Өскеменнің 19-шы шағын ауданы абаттандырылады, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы облыс әкімі Даниал Ахметов шағын аудан тұрғындарымен кездеу барысында айтты.
– Бұл ауданда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Салынған үйлер – халық игілігінде. Бірақ абаттандыру жұмыстары осы уақытқа дейін кейіндеп келді. Сол себепті тұрғын үйлердің кемшін тұстары болды. Енді ондай олқылықтарға жол берілмейді, – деді Даниал Кенжетайұлы.
Осыдан кейін қала әкімі Жақсылық Омар аймақ басшысының тапсырмасымен әзірленген кешенді жоспарды жиынға қатысушылардың назарына ұсынды.
Ол бойынша, шағын ауданда 12 балалардың ойын алаңы, 12 спорттық алаңқай, ересектерге арналған 7 демалыс аумағы салынады. Орындықтар мен қоқыс жәшіктерінің 100 комплектісі орнатылады. 5,44 шақырымдық жүру жолы, 3,03 шақырымдық жаяу жүргеншілер жолы салынады.
Осы ретте айта кетейік, абаттандыру жобасына жергілікті бюджеттен 1,3 миллиард теңге жұмсау қарастырылған.