ШҚО әкімінің шыршасы қалай өтті? (ФОТОРЕПОРТАЖ)
- Робот, робот сен бәрін білесің ғой, бізге еліміздің болашағын көрсетші!
- Болашағы дейсің бе, Қазақстанның болашағы алдарыңда тұр ғой.
Дәл осы диалог, Өскеменде өткен облыс әкімінің шыршасына жиылған балақайлардың бойына ерекше күш бергендей. Бәрі болашаққа бір уақыт сапар шегіп келді ме, әйтеуір зал тынып қалды.
Ғажайып пен сиқырға толы мерекеге облыстың түкпір-түкпірінен барлығы 250 бала жиналыпты. Дәл осы Жаңа жыл қалашығынан ертегі кейіпкерлерінің бәрін кездестіруге болады. Шырша мерекесіне қатысып жатқан бұл балақайлар – оқуда озат, өнерде үздік шыққан кіл таланттар. Қатарының алды болған оқушыларға облыс әкімінің атынан бір-бір ноутбук табысталды.
- Бір аптадан кейін Жаңа жыл мерекесі. Сондықтан баршаңызды облыс әкімі Даниал Ахметовтің атынан құттықтаймын. Осында жиналған барлық балаға бүгін бір-бір ноутбуктан табыс етіледі. – деп атап өтті облыс әкімінің орынбасары Алмасхан Сматлаев.
Шыршаға жиналған бүлдіршіндерге концерттік бағдарлама мен ойыннан бөлек «Аяз атаның шеберханасы» да ерекше мерекелік көңіл-күй сыйлады. Иә, ертегілерде айтылатын Аяз атаның шеберханасы.
- Бүгінгі кеш балалардың есінде қалу үшін көптеген жұмыстар жасалды. Бұл жерде балалардың сыйлығын жасайтын ергежейлілер және 3Д принт бар. ЗД принп жұмыс істеп тұр. Фотоға түсу үшін арнайы бұрыш бар, - дейді өңірлік ғылыми-тәжірибелік «Дарын» орталығы директорының орынбасары Елена Шимина.
Концерттік бағдарламаны ШҚО драма театрының артистері дайындаған. Мерекелік шыршада барша жұрттың назарын өзіне аударған Абай атындағы мектептің 6-сынып оқушысы Әділет Түкенов болды. Ол жаңа жылдық шыршаға «Алтын адам» образында келіпті.
- Киімді өзім таңдадым. Өйткені «Алтын адамның» бейнесі мен үшін ерекше болып көрінді. Мерекелік шараға мектебімнің атынан мен ғана келдім. Кеш өте ұнап жатыр, - дейді оқушы.
Концерттік бағдарламада Аяз ата, Ақшақар, Аққала, Таусоғар, Мыстан кемпір, Тышқан, Робот, Мысық сынды кейіпкерлер болды. Кеш соңында балақайларға шашу шашылып, тәттілер мен бағалы сыйлықтар алды.