Семейді дамытудың 56 жобасы
Облыс әкімі Даниал Ахметовтің айтуынша, Семей қаласын дамыту мәселесінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Үкіметтің қолдауы Шығыс Қазақстан облысы үшін айрықша маңызға ие.
Еске салсақ, қазан айында Премьер-Министрдің қала жұртшылығымен кездесуі барысында Семей қаласын дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының тұсаукесері жасалған болатын. Оның аясында жеті бағыт бойынша 250 млрд. теңгенің 56 жобасы жүзеге асырылмақ.
Тек соңғы үш жылдың көлемінде ғана Семей қаласын абаттандыруға, жолдарын жөндеуге 13,5 млрд. теңге, мектептерін жөндеуге 1,5 млрд. теңге бағытталғанын атап өткен орынды. Ұшақтар кентінде 1200 және Бобровка кентінде 600 орындық мектептер салынды. Жаңа Қарағайлы ықшам ауданында 20 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жекеменшік тұрғын үй құрылысына арналған алаңдарға инфрақұрылым тартылуда. Автобус паркі 80 пайызға жаңаланды. Қалалық бағыттар бойынша «DaewooBusKazakhstan» ЖШС-нің жергілікті өндірісінің 267 автобусы қатынауда. Әуежайға қайта жарақтандыру жүргізілді. Әлемдік деңгейдегі көпсалалы спорттық кешеннің құрылысы аяқталып келеді.
Кешенді жоспардың қабылдануына орай тағы да үлкен мүмкіндіктер ашылуда. Оны жүзеге асырудың нәтижесінде 4 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылып, 133 көпқабатты үй қолданысқа берілмек. Әлеуметтік саланы дамытуға 47 млрд. теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде төрт мектеп пен төрт балабақшаның, мұз модулінің, балалар ауруханасының, мүгедектер үшін оңалту орталығының құрылысы бар.
Мемлекеттік-жекеменшік серіктестік тетігін қолдана отырып, бюджеттен тыс қаржы көздері арқылы 76 млрд. теңгеден астам қаражат тарту жоспарлануда.
– Нәтижесінде бес жыл ішінде өнеркәсіп көлемі 1,6 есеге, негізгі капиталға инвестиция, ауыл шаруашылығындағы жалпы өнім 1,2 есеге, бөлшек тауар айналымы 2 есеге артпақ. 1-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту 100 пайызды құрайтын болады, – деді Даниал Ахметов.