Бағбандардың шығынының бір бөлігін мемлекет өтейді
Қазақстанда жеміс дақылдарының қауіпті ауруынан зардап шеккен бағбандардың шығынының бір бөлігін мемлекет өтейтін болды, деп хабарлайды Алтайньюс тілшісі.
Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Аталмыш шара бактериалды күйік деп аталатын жеміс дақылдарының аса қауіпті ауруына қарсы күресте бағбандарға қолдау көрсетуге бағытталған екен. Мемлекет тарапынан көмек ретінде аурудан зақымданып, жойылған жеміс ағаштарының орнына жаңасын отырғызу мен өсіру бойынша шығындардың жартысы субсидияланады.
Бұған дейін мұндай норма заңнамада қарастырылмаған еді. Енді жаңа норма енгізіліп отыр. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығына ерікті сақтандыру жүйесі де енгізіледі.